«Қазфосфат» жылдан-жылға еңбек өнімділігін тұрақты түрде еселеп, арттырып келеді. Барлық филиалдары заманауи үлгіде әрі ыңғайлы тұрмыстық кешендермен жабдықталған. Бүгінде «қазфосфаттықтар» 20-ға жуық өнім түрлерін шығарып, оның басым бөлігі АҚШ, Еуропа және Азия елдеріне экспортталады.
Жалпы серіктестіктің «Минералды тыңайтқыштар» зауыты ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылып, бүгінде ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш өндірумен айналысуда. Жылдық қуаты 300 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаратын технологиялық жүйенің жұмысы туралы айтқанда, өндіріс орнында жергілікті шикізат пайдаланылатыны, Қаратау қаласының фосфат шикізаттары өңделетінін айта кету керек.
Осы орайда өзінің бәсекелестік қабілетін жоғалтпас үшін компанияда автоматтандырылу мен бизнес жүйесін жақсарту бойынша тиімді шаралар тұрақты жүзеге асырылады.
«Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өнімнің өзіндік құнынын төмендетілуіне жалпы құрам санын қысқару жолымен емес, жаңа технологиялар мен жабдықтар енгізу, әртараптандыру, бизнестерді біріктіру және кадрлық ресурстардың мүмкіндігін барынша тиімді пайдалану арқылы қол жеткіземіз дейді.
«Жұмыс орындарының автоматтандырылуы жаңа жетілдірілген дағдыларды талап ететіні мәлім. Осыған байланысты қазіргі заманға сай болу, білікті өндіріс мамандары қатарын көбейту мақсатында әдістемелік-оқу орталығын құрдық, ол 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Орталық өзінің құрамында бес филиалдың техникалық оқыту қызметтерін біріктіреді. Бүгінде серіктестіктің әрбір филиалында оқу құралдарымен, компьютерлік техникамен, өндірістік жабдықтардың макеттерімен жабдықталған арнайы оқу базалары бар. Біз, сондай-ақ, Жамбыл политехникалық, Тараз химиялық-технологиялық, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледждерінде, өңірдегі басқа да орта арнаулы оқу орындарында дуальді оқыту жүйесін енгізу бойынша жетекші серіктес болып табыламыз. Компания білім беруді ұйымдастыруда және мамандар даярлауда, оқу бағдарламаларының мазмұнын анықтауда, қорытынды аттестациялау кезінде студенттердің біліктілігін, кәсіби даярлықтарының деңгейін бағалауда, сондай-ақ, бітірушілерге біліктілік беруде толық құқықты серіктес ретінде танылып отыр, -дейді ол.
Сондай-ақ, Мұқаш Ескендіров биыл жыл басынан бері зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндіргендерін айтты. Оның ішінде 24 мың тонна азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуық фосфор тыңайтқышы өндірілген. Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ете отырып, шет елдерге де экспортталуда.
Айта кетейік, еліміз бойынша Жамбыл өңірі химия саласының ең бір дамыған аймағы саналады. Өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор. Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі уақытта аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда аймақта Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары қолға алынған.