2004 жылдан бастап бұл ұйым өзіндік діни бағытты ұстанған ислам мемлекетін, әсіресе, діни сипаттағы билік жүйесі орын алған «халифат» құру мақсатында нақты істерді атқара бастады. 2014 жылдың шілдесінде әл-Бағдади өзін халиф деп жариялап, оның Мұхаммед с.ғ.с пайғамбар тәрізді құрайыш тайпасының хашим руынан шыққаны жөнінде арнайы «Бұл Алланың уәдесі» аталатын манифестте жарияланды. Іс жүзінде аль-Бағдадидың халиф деп жариялануы оған әлем мұсылмандарының өзін мойындауын талап ететін құқық берді. Өзінің жарияланған манифестінде ДАИШ: «Барлық әмірліктер, топтар, мемлекеттер және ұйымдардың қолданыстағы заңнамасы, халифат билігі мен оның әскерінің күшінің жанында еш мағынасы болмайды» делінген. Құқықтық құрылымы жағынан ДАИШ сүнниттік ұйым ретінде танылса да, көптеген сарапшылар ДАИШ ұстанған идеологиясына «салафиттік», «салафиттік-джихаттық» немесе «сүнниттік исламизм» деген анықтама береді. Осы ретте айтар жайт, салафиттік топтардың көпшілігі ДАИШ «халифат» деп те мойындамай, тіпті бұл жобаны исламға қарсы әрекет деп таныған. ДАИШ идеологиялық тамыры тереңде болып, тікелей ваххабизм идеологиясына сәйкес келеді деген де пікірлер бар. Бұған дәлел болар, ДАИШ бақылауындағы аймақтарда орналасқан мектептерде вахабиттік діни оқулықтар пайдаланылады. ДАИШ ислам дінінің экстремистік түсініктерін ұстанады, зорлық-зомбылық көрсетуді діни көзқарас жағынан қарастырып, ақтайды да, ислам қағидаларын мойындамайтындарды түгелдей «діннен безгендер», «кәпірлер» жариялайды. Бұл топтар исламның бастапқы кездегі ережелерін қолға алуды ұсынады және бұны олар ДАИШ символдарына бейнелеген. Атап айтсақ, өздерінің қара түсті жалауына «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Аланың елшісі» деген ұран жазылған.
Өзінің ұстанған идеологиялық бағытында ДАИШ ұйымы эсхатологияға көп мән береді. Эсхатология (грек. eschatos – соңғы және logos – ілім, сөз) – дүниенің, адам өмірінің баянсыздығы туралы, ақырзаман мен о дүние туралы діни ілім. Эсхатологияның негізіне ақиқат дінге ортақ бұл дүниенің пәни, жалған екендігі, о дүниенің бақи екендігі, тозақта күнәһәрлардың жазаланатыны және адал құлдардың жұмақта рахатқа кенелетіні туралы діни түсінік алынған.
ДАИШ идеялары көп жағдайда бұл ұйымның үгіт-насихат аппаратының жұмысының нәтижесінде, «араб көктемі» кезінде таралып кеткен, ең алдымен желілік мультимедианың жаңаша технологияларын пайдалану арқылы кеңінен таралды. ДАИШ ұйымының насихаттау жұмыстарының сипаты эмоциональдық қызу қандықтарымен ерекшеленеді. Ол бойынша адамдардың бойында, өздеріне деген сенімділігі, өздерін бағалауы артып, өзгеше ойлаушыларға деген жеккөрушілік ұлғаяды. Мұсылмандардың жер бетіндегі үстемдікке ие болуы керек деген ашық үндеулер жарияланады. Ол үшін шынайы діни ұстаным, сенім болуы керектігімен нақтылады.
ДАИШ ұйымының басты идеологиялық ұстанымдарының бірі – дін ұстанушыларының басты жауы ретінде «тирания мен деспотизмге» қарсы бағытта болу. Бұндай тезистер ең алдымен, өзіне сенімсіз, жәбір көрген адамдардың сенімін жаулап алу мақсатында пайдаланылады. Көптеген Арабтық сарапшылардың айтуынша, ДАИШ Ауғанстандық талибтердің жүрген жолымен жүруде. Олар талибтердің қатары тәрізді, білімі төмен жастармен толығып жатыр. «Араб көктемі» елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауынан кейін мұндай деңгейдегі адамдар одан ары көбейді. ДАИШ насихатшылары тұрғындардың, әсіресе жастардың әлеуметтік қарсылықтарын өз үлестеріне пайдаланып, жастарды «құдайсыз билікке қарсы күрес» ұранымен жиһатқа итермелейді. Билік басындағылардың құдайсыздығы (кәпірлік) олардың ислам дінінің «дұрыс жолынан» тайып, «шетелдік идеологияны» ұстануы деп түсіндіріледі. Өздерінің ұстанған идеологиясы мен практикаларын ақтап алу мақсатында үнемі қасиетті Құранға немесе мұсылмандарға қасиетті болып табылатын басқа да деректерге сүйенеді. Олар түрлі цитаталарды өздеріне ыңғайлы етіп бұрмалап, түрлі сүрелер мен хадистерді ескермейді. ДАИШ идеологтарының қолданатын тағы бір әдісі казуистика (орта ғасырда схоластика әдісімен жеке фактіні жалпы догмаға айналдыру, қисынын шығару жолы), мысалы, «қай жерде де болмасын, құдайсыздарды өлтіріңдер» деген Құранның 9-сүресін жиі жариялап, өздерінің ұғымында «құдайсыздар» қатарына, еретиктерге, басқа дін ұстанушыларға қарсы күрес, жаппай жаза қолдану әрекеттерін ақтайды. Еуропалықтарды қорқыту, мұсылмандыққа қарсы психоздың қалыптастыру мақсатында ДАИШ исламға «қанды» имидж сипатын беру тактикасы анық. Себебі, олар ислам дінінің Еуропа мен АҚШ-тағы жеңісін жариялау күні жақын екенін үнемі айтып отырады. Бұл идеялық сипатта үнемі қарсы көзқарас, қарсы әрекет туғызары сөзсіз.
Сирияда азаматтық соғыс тұтанғаннан кейінгі жылдары ДАИШ экстремистік маргиналды ұйымнан өзін-өзі басқаруға қажетті барлық құралдары бар террористік бағытты ұстанған «мемлекетке» айналды. ДАИШ ұйымының қызметін талдау нәтижесі ДАИШ-тың таза әскери күштен өздерінің жаңа азаматтарының күнделікті табиғи газ отынына, электр қуатына және азық-түлікке деген қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын жүйеге деген өсіп, жетілді.
Осы тұрғыдан қарағанда, американдық сарапшы Дж. Перридің пікірінше, ДАИШ ХАМАС-тың стратегиясын көшіріп алды: аталған ұйым ауруханалар мен мектептердің жұмысын қалпына келтіре отырып қарамағандағы халыққа қоғамдық қызметтер ұсынып жатыр, осылайша аймаққа орнығып, тұрғылықты халықтың қолдауына ие болуда.
Құрылымы мен әкімшілік басқаруының тиімділігі жағынан ДАИШ әлемдегі ең жақсы ұйымдасқан халықаралық жиһадтық қозғалыс болып табылады. Оның құрылымы шариғат қағидалары және уақыт талабына сай туындаған заманауи қажеттіліктер ықпалы негізінде қалыптасты. Күнделікті қызметті басқару тұрғысынан алғанда ұйым өзін толыққанды мемлекет ретінде жарилап отыр. Билік пирамидасының шыңында халиф отыр. Мұхаммед пайғамбардың «өкілі» ретінде ол абсолютті билікке ие және билікпен айналасындағы ешкіммен де бөліспейді.
ДАИШ құрылымдық сипаттамасын қарастырар болсақ, «Халифат» ресми түрде мемлекеттіліктің бірқатар белгілерін иеленіп отыр. Оның өз бақылауындағы территориясы (Ұлыбритания территориясының көлемімен тең келеді), астанасы (Ракка қаласы) бар. Осы аймақта орналасқан сүнниттік бағытты ұстанған тұрғындардың басым көпшілігі жаңа билікті мойындайды деп түсіндіріледі. Билік жүйесі өз кезегінде мемлекеттік стратегияны және әлеуметтік саясатты төменде көрсетілген басқару механизмін пайдалану арқылы жүзеге асырып отыр.
«Халифтің» екі уәзірі (әмірлер) бар – Әбу Мүслім әл-Түркмани (Иракты бақылайды) және Әбу Әли әл-Анбари (Сирияны бақылайды). Оған Сирия мен Ирактың «Ислам мемлекеті» бақылауындағы аудандарының 12 губернаторы (уәлилер) және министрлер бағынады. Бүгінгі таңда алты министрлік бар: Қорғаныс министрлігі, Жалпы қауіпсіздік министрлігі, Қаржы министрлігі, Түрмелер мен тұтқындар ісі жөніндегі министрлік, Көлік және коммун
икация министрлігі, Шетелдік жалдамашылармен жұмыс жасау жөніндегі министрлік. Бұл министрліктерді арнайы білімі бар адамдар басқарады.
ДАИШ ұйымының басқару құрылымы
Үкіметтің басқару аппаратында барлығы 25 адам болса, олардың қатарында Баас партиясының белсенділері мен ирактық әскердің жоғары шенді офицерлері бар. Бұл адамдардың әрқайсының өзіне жүктелген міндеті, жұмыс бағыты анық. Жергілікті атқарушы билікті тікелей «халифке» бағынатын Әскери кеңес атқарады. «Халифат» ішіндегі Консультативті кеңестің («Шура») өкілеттілік функцияларын 11 адам: әскери командирлер мен дін ұстанушылар құрайды. Олар міндеті губернаторлар мен министрлердің жасаған әрбір шешімін шариғатқа сәйкестігін қарастыру болып табылады.
ДАИШ ұймының басқарушы органдарындағы ерекше орын үш органнан құрылатын, шариғат пен шариғаттық сотқа қатысты болатын барлық мәселелерді Мүфтилер Кеңесіне беріледі. Жоғары сот құзіретіне жергілікті және қалалық соттар бағынады. Мүфтилер Кеңесі жергілікті мұсылман тұрғындарды сыртқы ықпал етуші діни және мәдени күштерден қорғауды Ислам полициясына (аль-шурта аль-исламийя) жүктейді. Бұл мекеме жергілікті базарлар, мектептер, мешіттер, қоғамдық тамақтану орындарын, жанармай станцияларын тағы да басқа адам көп жиналатын орындарға бақылау жасайды. Ислам полициясы сонымен қатар, мұсылман мерекелері мен намаз уақытында дүкендердің жабылуын, ерлер мен әйелдердің мұсылман дәстүріне орай киім киюін т.б. қадағалайды. Ереже — талаптарды бұзушылар түрмеге қамалып, шариғат пен адат (ортағасырлық дәстүрлі ережелер) ережелеріне сәйкес жазаланады. Сонымен қатар, жиһад идеологиясын насихаттау мен жаңадан қабылданған адамдарды әскери іріктеуден өткізу жұмыстарын қатар атқаратын діни мектептер желісі де осы ИМ Мүфтилер Кеңесінің қарамағында болады.
ИМ ұйымдастыруда ең басты рөл ақпараттық басқару саласына берілген. «Ислам мемлекеті» БАҚ құрылымының басты өкілі Мұхаммед әл-Аднани аш-Шами болып табылады. Ол «халиф» атынан ресми видео жолдаулар жасайды. «Халифат» ішіндегі үгіт-насихат жүргізу жұмыстарын «Al-Furqan Institute for Media Production» — ИМ негізгі ақпараттық бюросы, «Al-I’tisam Media Foundation» — фильмдер мен түрлі видео жазбаларды дайындайды; «Al-Hayat Media Center» — шет тілдердегі баспа материалдарын және көп тиражды «Дабик» журналын дайындайды; «Al-Ajnad Media Foundation» — шариғаттық көзқарасқа қайшы келмейтін мұсылман аудиториясына арналған исламдық әндер, музыка мен поэзия таратуға маманданған бөлімшелер атқарады. Сонымен қатар, Сирия мен Ирактың түрлі провинцияларында баспа және электронды нұсқадағы көпшілікке үгіт-насихат пен психологиялық ықпал жасайтын жергілікті информбюролар жұмыс жасайды. «Ислам мемлекетінің» медиа индустриясы ай сайын 2 мыңнан астам түрлі аудио және видео, баспа өнімдерін дайындайды.
Өзін өзі жариялаған халифаттың басқарушы органдарында негізінен ирактықтар мен сириялықтар басым. Алайда, әскери командирлер мен ақпараттық-насихаттық құрылымдардың басқарушы орындарындағы шенеуніктер арасында және шетелдік жалдамашылармен жұмыс жасау жөніндегі министрлік құрылымында шешендер, түркмендер, албандар, босниялықтар, йемендіктер, Парсы шығанағының араб мемлекеттері және Еуропа мен АҚШ азаматтары да бар. Таяу Шығыс зерттеушілері арасында белгілі британдық сарапшы Ф.Гарднердің айтуынша, ИМ жолдарды, көпірлерді жөндеу, басып алынған территориялардың күзету, осы аумақтардағы тұтқын халықтарды азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай, су, электр энергиясы, газ және бензинмен қамтамасыз етіп, шариғаттық жолмен білім беретін мектептер желісін ашу жұмыстарын іске асырады. Осыған қарағанда, ИМ – төзімді, кез келген қиыншылыққа қарамастан жылдам қалпына келетін, горизонтальды-желілік конструкция арқылы басқарылатын және «халифат» территориясынан тыс жерлерге тарала алатын өте қуатты құрылым болып табылады.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Саясаттану» кафедарсының доценті, саяси ғылымдар кандидаты Тулебаева Меруерт Кенжебайқызы