Қазақстан Президентінің сайлауына жеті кандидат қатысатын болды. Орталық сайлау комиссиясы кеше үш үміткерді кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде ресми түрде тіркеп, кандидат куәлігін тапсырды. Бұған дейін төрт үміткер кандидат куәлігін алған еді.
ОСК мүшесі Ақылбек Ихдановтың айтуынша, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы ұсынған Төлеутай Рахымбеков заң бойынша барлық құжатын тапсырды. Лингвистикалық комиссия отырысында мемлекеттік тілді еркін меңгергенін дәлелдеді.
– Президенттікке кандидат Төлеутай Рахымбековтің кірістері мен мүлкіне қатысты декларацияны тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы бар. Оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды берілді. Аумақтық сайлау комиссияларының кандидат Төлеутай Сатайұлын қолдап жиналған азаматтардың қолын тексеру нәтижесі туралы хаттамалар ұсынылды: Қазақстанның барлық өңірінен 122 309 азаматтың қолы жиналды. Соның 120 754-ті расталды, – деді А.Ихданов.
Кандидат куәлігін коммунистердің үміті – Жамбыл Ахметбеков те алды. ОСК мүшесі Бақыт Мельдешов осы уақытқа дейін Ж.Ахметбековтің барлық құжаты тапсырылғанын, лингвистикалық комиссия оның мемлекеттік тілді еркін меңгергенін растағанын жеткізді.
– Жамбыл Ахметбековты қолдап Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 азаматтың қолы жиналды. 135 506 қол расталды. ОСК қаулысы бойынша кандидатты қолдайтын қажетті қол саны кемінде 118 140 болуы шарт», – деді Б.Мельдешов. ОСК қаулысына сәйкес, Жамбыл Ахметбеков те 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелді.
«Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысының мүшесі, журналист Әміржан Қосановтың кандидаттық куәлігі де кеше тапсырылды. Комиссия мүшесі Ақылбек Иқданов Орталық сайлау комиссиясы Ә.Қосановты да заңның барлық талабына сай деп танығанын атап өтті.
– Хаттамалардың нәтижесіне сәйкес, Әміржан Сағидрахманұлы Қазақстанның 14 өңірінен өзін қолдайтын 131 189 азаматтың қолын жинады. Олардың ішінен 129 582 расталды. ОСК қаулысына сәйкес, Ә.Қосанов кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелді, – деді ол.
Мемлекет басқарудан үмітті тоғыз үміткер болған, оның бірі кандидатурасын өз еркімен алып тастаса, енді бірі лингвистикалық комиссиядан өте алмады.