Ақтөбе қаласының №2 соты танымал хабарландыру сервисі арқылы пәтер іздеушілердің сенімін пайдаланып, пайда тапқан жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Ер адам өзіне тиесілі емес пәтерлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Пәтер жалдағысы келген азаматтар онымен байланысып, алдын ала төлем аударған. Ақшаны алғаннан кейін күдікті оны жеке қажетіне жұмсап отырған. Ал клиенттер баспанасыз да, ақшасыз да қалған.
Алаяқтық құрбандары – 29 адам
Келтірілген жалпы шығын – 1 миллион 136 мың теңге. Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан. Оның заңсыз әрекеттері жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен, сондай-ақ ақша аударымдарын растайтын банк түбіртектерімен дәлелденді.
Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы («Бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Алайда кейін Ақтөбе облыстық сотының сот алқасы сотталған азаматқа рақымшылық туралы заңды қолданып, тағайындалған жазаны 2 жыл 3 айға қысқартты.
Үкім заңды күшіне енді.
