Аумақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде Тараз қаласын көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар іске асырылуда, — деп хабарлайды Tarazy.kz.
Атап айтқанда, бұрынғы «Атшабар» аллеясы «Жастар аллеясы» болып өзгертіліп, аталған аллеяда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стеллалары және заманауи су бұрқақтар орнатылды. Сондай-ақ, аллеяның ортаңғы бөлігінде ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін интернет-кафе бой көтерсе, аллеяға үлкен LED-экран қойылып, жаз мезгілінде концерттер мен кино көрсетілетін болады. Сонымен қатар, Жеңіс мейрамы қарсаңында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ залының» құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Қаланы көркейту жұмыстарын жалғастыру мақсатында, үстіміздегі жылы Төле би даңғылы бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясын (арбат) абаттандыру мен «Көне-Тараз» кешенінің маңында биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стелласы орнатылатын болады.
Бұдан бөлек, Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайының, көрме павильонының, «Руханият» орталығының, көркемдік бейнелеу өнері, қол-өнер шеберлері галереясының және «Ретро-фестиваль» амфитеатрының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы нысандармен қатар, тарихи кешеннің абаттандыруы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстары басталады.
Тараз қаласының 2025 жылға арналған дамуының бас жоспары 2010 жылы бекітілген.
Бүгінгі күнге, бас жоспардағы қайта жаңғыртылатын аумақтар 55,7 пайызға егжей-тегжейлі жоспарлаумен қамтылған. Болашақта бас жоспарды толық орындау мақсатында жалпы 7 072 гектар көлемін егжей-тегжейлі жоспарымен қамту қажет. Осы жұмыстар үш кезеңге бөлініп, үстіміздегі жылы 2 960 гектар аумақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтылатын болады.
2018 жылы, алғашқы кезеңдерге құрылыс жұмыстарды жобалау мақсатында қала орталығының 102 гектарға, «Тектұрмас» тарихи-мемориалдық кешенінің 59 гектарға, «Арай» тұрғын алқабының 241 гектарға және «Көлтоған», «Жиделі», «Қарасай», «Қызыл-Абад» тұрғын алқаптарының 556 гектарға, жалпы 958 гектарына егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленді.
Қаладағы өзекті мәселелердің бірі «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарының аумағында орналасқан 28 саяжайға «тұрғын алқап» мәртебесін беру мақсатында жалпы 1028 гектарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітіліп, саяжай тұрғындары жер бөліміне өтініштерін беруде.
Келесі кезекте, қаладағы 6 418 гектар құрылысы жүргізілген аумақтарда инженерлік геодезиялық жұмыстарын жүргізу (7347 гектарына немесе 53,4 пайызына тиісті геодезиялық жұмыстары жүргізілген). Оның 2019 жылы 3086 гектары қала бюджеті және «Қала кадастр» кәсіпорыны есебінен топо түсіріліммен қамтылатын болады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
2019 жылы қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына 1 млрд. 870,8 млн. теңге бөлінді.
Есепті кезеңде 27 дана қураған апатты талдар түбінен және 11 086 ағаштың қураған бұтақтары кесілсе, 298 тал ағаштары балақталды.
Бұдан бөлек, қала көшелерінің бойындағы 11640 талдар әктелсе, 2004 электр бағаналары, 170 гүл сауыттары, 396 қоғамдық орындықтар, 290 қоқыс тастайтын жәшіктер, 200 мың шаршы метр аялдамалар және 4836 шаршы метр қоршаулармен турникеттер сырланды. Автокөліктермен көше бойындағы 5240 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар және 3040 текше метр кездейсоқ күл-қоқыстар шығарылса, 5,8, мың шаршы метр жер қолмен тазаланды.