2026 жылдың 24 ақпанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті білім алушыларының кәсіби әлеуетін арттыру және жұмысқа орналасу дағдыларын дамытуға бағытталған «Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасының кезекті іс-шарасы өтті. Аталған жоба 2018 жылы бастау алып, бүгінде университет түлектерін еңбек нарығына бәсекеге қабілетті маман ретінде даярлауға бағытталған стратегиялық маңызы бар бастамалардың біріне айналды, деп хабарлайды Tarazy.kz
2025–2026 оқу жылы аясында жоба Алматы қаласы Наурызбай аудандық білім бөлімінің қолдауымен №208 мектеп-гимназия базасында ұйымдастырылды. Іс-шараға университеттің барлық факультеттерінен іріктеліп алынған 16 бітіруші түлек қатысып, өз мамандықтары бойынша жұмыс берушілермен кәсіби сұхбаттан өтті.

Жобаға педагогикалық бағыттағы негізгі білім беру бағдарламалары, атап айтқанда: «Орыс тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Физика-информатика», «Дене шынықтыру және спорт», «Биология», «Практик-психолог», «Химия-биология» және «Бастауыш білім (АКТ)» бағдарламаларының білім алушылары қатысты. Жалпы 14 білім алушы екі жұмыс берушінің алдында сұхбаттан өтіп, өздерінің кәсіби және тұлғалық құзыреттерін таныстыруға мүмкіндік алды.
Түлектердің біліктілігіне баға беріп, кәсіби сұхбат жүргізген жұмыс берушілер қатарында №208 мектеп-гимназия директоры Гүлбағда Аденова және №221 «Келешек» мектебінің директоры Арнагүл Маликова болды. Олар үміткерлердің теориялық білімі мен практикалық дағдыларының өзара үйлесімін жан-жақты бағалады.

Университет тарапынан іс-шараға Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев және «Мансап» орталығының басшысы Рақымберді Жетібай қатысты.
Сұхбат қорытындысы бойынша жұмыс берушілер білім алушылармен жан-жақты кері байланыс жасап, түйіндеме әзірлеу мен өзін-өзі таныстыру барысында жіберілген қателіктер мен жетістіктерге кәсіби талдау жүргізді. Қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, жобаның болашақ мансаптағы практикалық маңызы жоғары екенін атап өтті.
«Бұл жоба — білім алушылар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді кәсіби көпір. Сұхбат барысында түлектер өз білімдері мен дағдыларын нақты жұмыс талаптарымен салыстырып, тәжірибелік тұрғыда бағамдауға мүмкіндік алады. Мұндай формат олардың еңбек нарығына сенімді қадам жасауына және бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді», — деді «Мансап» орталығының басшысы Рақымберді Жетібай.
Айта кету керек, «Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасы университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткішін арттыру мақсатында алдағы уақытта Алматы қаласының Медеу, Түрксіб, Жетісу және Алмалы аудандарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
