Сот алқасы экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Tarazy ақпарат Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Апелляциялық шағымда Бишімбаевтың ісін судьялар Шынар Ерғалиева, Нұрлан Баяхметов және Роза Нұрмұханова кірген сот алқасы қарады.
Қаулының қарар бөлігін төрағалық етуші судья Шынар Ерғалиева оқыды.
«Сот алқасы Бишімбаев пен Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді», – деді судья.
Еске салайық, бүгін Астанада Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты аппеляциялық сот отырысы болды. Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов «сот үкімді заңсыз шығарды» деп атап өтті.
Айта кетейік, 13 мамырда Астанада судья Айжан Құлбаева жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа үкім шығарды. Ол 24 жылға сотталды. Ал аса ауыр қылмысты жасырды деп айыпталған Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.