Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының мамандары мегаполистегі көше желілеріндегі орташа жөндеу жұмыстарына белсенді қатысып жатыр. Мамандар жөндеу барысын техникалық тұрғыдан бақылап, жол материалдарының сапасын зертханалық сынақтар арқылы анықтайды.
Мәселен, Наурызбай ауданында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары кезінде төселген жаңа жол жабынынан 85 керн сынамасы алынды. Бұл сынамалар арқылы жол қабатының қалыңдығы мен құрамының мемлекеттік стандарттарға сәйкестігі тексеріледі.
Филиал инженері Досжан Сұрапбергеновтің айтуынша, әрбір сынақ нақты бақылауға алынады:
“Бүгін Наурызбай ауданындағы Қалқаман ықшамауданында жұмыс істеп жатырмыз. Мердігер компания “ПСФ Алонс” ЖШС жүзеге асырып жатқан орташа жөндеу жұмысына қатысып, керн сынамаларын алдық. Алынған материалдарды зертханаға жөнелтеміз”, – дейді ол.
Зертханаға жеткізілген сынамалар талдау барысында асфальт-бетон қоспасының сапасы, тығыздығы мен төзімділігі анықталады. Бұл деректер жол төсемесінің беріктігін бағалауға мүмкіндік береді.
Осындай жүйелі бақылау нәтижесінде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы артып, мегаполис тұрғындары үшін қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етіледі.
