Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында жалпы құны 3,7 млрд АҚШ долларынан асатын коммерциялық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Президент Токиода Жапонияның жетекші бизнес өкілдерімен бірқатар іскерлік кездесулер өткізеді. Руслан Желдібайдың мәліметінше, сапар барысында 40-тан астам құжатқа қол қою көзделген. Келісімдер энергетика, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, тау-кен өнеркәсібі және көлік сияқты стратегиялық маңызды салаларды қамтиды.
Қазақстан тарапынан құжаттарға «Самұрық-Қазына», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-кен Самұрық», «Қазпошта» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының өкілдері қол қояды. Ал Жапония атынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power және RIKEN KOGYO компаниялары қатысады.
Сонымен қатар Президент сапары аясында өзге де ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулер өтеді.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан халқы Жапонияның тәртібі мен табандылығын әрдайым үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрметке және түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.
Өз кезегінде Император Нарухито Президент Тоқаевтың бұл сапары Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас тарихында елеулі оқиға болып, екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеретінін айтты. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық мәселелері мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.
