“Руың кім?” фильмінен кейін Tiger films кинокомпаниясы жұмысын тоқтатты. Бұл туралы кинокомпания продюсері Алмат Шадмат мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
“Құрметті әріптестер, серіктестер және көрермен, біз Tiger films компаниясының кино өндірісі саласындағы қызметіне қатысты маңызды шешімімізді ресми түрде мәлімдейміз. Осы сәттен бастап Tiger films кино түсіру жұмыстарын толығымен тоқтатады. Бұл шешім бір күнде қабылданған жоқ, жағдайды жан-жақты сараптаудың нәтижесі. Қазіргі киноиндустрия тұрақсыз, болжап болмайтын, үлкен қаржылық және репутациялық қауіптері бар сала екенін тәжірибе жүзінде көрдік. Қалыптасқан жағдайда кино өндірісті жалғастыруды экономикалық және стратегиялық тұрғыдан тиімсіз деп санаймыз”, — дейді ол.
Айтуынша, енді компания қызметінің бағытын өзгертеді. Бұдан былай Tiger Films кәсіби кинотехника құрал-жабдықтарын басқа продюсерлер мен шығармашылық топтарға жалға берумен айналысады.
“Айта кету керек, барлық жоспарланған түсірілім процестері аяқталды. Қазіргі таңда бірқатар картина пост-продакшн кезеңінде, олар толығымен аяқталады. Алайда келесі кезеңде кино өндіріс бағыты толығымен жабылады”, — деп қосты ол.
Ол бұл шешімге әсер еткен негізгі факторларға да тоқталды.
“Солардың бірі фильміміздің “Оскар” сыйлығына жіберілмеуі үшін туындаған жанжал. Сонымен қатар жекелеген депутаттардың мәлімдемелері нәтижесінде Tiger films кинокомпаниясына айтарлықтай имидждік және репутациялық зиян келтірілді. Бұл жағдай біз үшін соңғы шешімнің қабылдауына түрткі болды. Сонымен қатар бүгінгі жағдайда бізге кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі деген сенім жоқ. Егер компанияның қызметі ашық түрде айыпталса, ал кәсіби еңбегімізге күмән келсе, онда бұл бағытта жұмыс істеуді жалғастырудың мәні жоқ деп есептейміз. Осы себепті біз Тайгер Филмс брендімен кино өндіріспен айналысудан өз еркімізбен бас тартамыз”, — дейді ол.
Оның сөзінше, Tiger Films төрт жыл ішінде 56 фильм түсіріп, жүздеген маманды тұрақты және уақытша жұмыспен қамтып, қазақ киносының дамуына өз үлестерін қосқан.
“Бұл тек компанияның жетістігі ғана емес, қазақ киносының дамуына жасалған үлкен қадам болды. Біз жаңа есімдерге мүмкіндік беріп, жас мамандардың тәжірибе жинауына және креативті индустрияның кәсіби деңгейінің өсуіне өз үлесімізді қостық”, — деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда «Руың кім?» фильміне тыйым салынған еді.
Бұл туралы фильмнің шығармашылық тобы хабарлады.
«Руың кім?» фильмі 18 желтоқсаннан бастап белгілі бір себептерге байланысты кинотеатрларда көрсетілуін тоқтатады. Бізбен бірге болып, қолдау көрсеткендеріңізге алғыс!», — делінген жазбада.
Фильмнің сценарий авторы Нұржан Еркінұлының сөзінше, туындының прокаттан алынуына цензура себеп болуы мүмкін.
