Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты №202 мектеп-гимназиясында 4-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарының қатысуымен «Ұлттың сөзі мен салты – тәрбиенің алтын арқауы» тақырыбында мазмұнды сыныптан тыс іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жаңғырту, сондай-ақ отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.

Іс-шараның басты ерекшелігі – оқушылардың ата-аналарымен бірге бір команда ретінде қатысуы. Қатысушылар қазақ қоғамында сирек қолданылып жүрген салт-дәстүрлердің мәнін ашып, олардың тәрбиелік астарына үңілді. «Бала тәрбиесіне қатысты қандай дәстүрлер бар?», «Ұлттық тағамдардың ерекшелігі неде?», «Қазақтың күй аспаптарын қалай ажыратамыз?» сияқты тапсырмалар арқылы ата-аналар мен балалар бірлесе ой қозғап, жауап іздеді.

Ұлттық тағамдарға байланысты танымдық тапсырмаларда қатысушылар ас атауларын сәйкестендіріп, олардың жасалу жолдары мен маңызын талқылады. Ал ұлттық аспаптарға арналған бөлімде домбыра, қобыз, жетіген секілді аспаптардың ерекшеліктері айтылып, олардың қазақ мәдениетіндегі орны түсіндірілді. Сонымен қатар мақал-мәтелдердің жалғасын табу, салт-дәстүр көріністерін сипаттау, жағдаяттық сұрақтарға жауап беру сияқты қызықты кезеңдер ұйымдастырылды.

Ата-аналар мен балалардың бірлесе жұмыс істеуі арқылы ұлттық тәрбиенің отбасынан басталатыны айқын сезілді. Шара барысында үлкенге құрмет, кішіге ізет, бірлік пен сыйластық құндылықтары кеңінен насихатталды. Балалар ата-аналарымен бірге қазақ дәстүріне тән тәлім-тәрбиені тәжірибе арқылы қабылдап, рухани байланысын нығайтты.

Мазмұнды әрі тағылымды өткен бұл іс-шара оқушылардың ұлттық сана-сезімін арттырып, ата-баба мұрасын құрметтеуге бағыт берді.
Аталған шара бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Курбанова Айнур Тоқтасынқызының ұйымдастыруымен өтті.
