2026 жылғы 25 наурыз күні Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының жаңа ресми
9qumalaq.world интернет-ресурсының презентациясы өтті, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жаңа сайт – тоғызқұмалақ ойынын халықаралық деңгейде дамыту, цифрландыру және кеңінен насихаттау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Аталған платформа заманауи технологияларды қолдана отырып әзірленген және пайдаланушыларға бірқатар бірегей мүмкіндіктер ұсынады.
Сайттың басты ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект негізінде құрылған арнайы ойын бөлімі. Бұл бөлім арқылы пайдаланушылар тоғызқұмалақ ойынын жасанды интеллектпен ойнап, өз шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, платформада Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясына мүше елдердің және аймақтық федерациялардың рейтингтік жүйесі енгізілген. Бұл жүйе халықаралық деңгейдегі бәсекелестікті арттырып, федерациялар қызметінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңа интернет-ресурс тоғызқұмалақ ойынын әлемдік деңгейде ілгерілетуге, оның зияткерлік спорт түрі ретіндегі мәртебесін нығайтуға және халықаралық қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы алдағы уақытта да цифрлық жобаларды жүзеге
асыру арқылы ұлттық мұраны жаһандық деңгейде дәріптеуді жалғастырады.
