Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан парламенттік сайлауда жеңілгенін мойындады. Бұл туралы ол жексенбі кешінде Будапештте өткен жақтастарының митингінде айтты, деп хабарлайды Tarazy.kz.
Мұндай мәлімдеме Ұлттық сайлау комиссиясының алғашқы дерегі жарияланып, проеуропалық консервативтік оппозициялық «Тиса» партиясы айқын басымдыққа ие болғаннан кейін жасалды.
«Сайлау нәтижелері әлі толық емес, бірақ бәрі түсінікті. Біз үшін нәтиже ауыр әрі айқын: елді әрі қарай басқару мүмкіндігі берілмеді. Мен жеңіске жеткен партияны құттықтадым», — деді Орбан.
Өз кезегінде «Тиса» партиясының жетекшісі Петер Мадьяр Дунай жағасында өткен митингте Орбан үкіметін шұғыл отставкаға кетуге шақырды. Ол өтпелі үкімет құру қажеттігін айтты.
Алдын ала есеп бойынша «Тиса» партиясы парламентте басым орын алатыны белгілі болды.
Венгрия парламенттік сайлауында Виктор Орбанның басты қарсыласы, «Тиса» оппозициялық партиясының жетекшісі Петер Мадьяр жеңіске жетсе де, Ресей үшін «ешқандай күрт өзгеріс болмайды». Мұндай пікірді Газета.Ru басылымына берген сұхбатында Ресейдің Сыртқы және қорғаныс саясаты кеңесінің төрағасы, «Валдай» халықаралық пікірталас клубының ғылыми директоры Федор Лукьянов айтқан.
Ал сарапшылардың сөзінше, Петер Мадьяр Венгрияның Еуроодақтағы орнын қолдайды, ол «Ресеймен байланысты үзу керек» деген пікірде.