Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы әлемдік деңгейдегі жаңа цифрлық тоғызқұмалақ платформасының іске қосылғанын зор қуанышпен хабарлайды.
Платформаның атауы – https://9qum.com.
Жобаны тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар Шаймағамбет пен Әдемі Есеншораева бірлесіп әзірледі.
Бұл заманауи платформа тоғызқұмалақ әуесқойлары мен кәсіби спортшыларға, жаттықтырушыларға және төрешілерге арналған кең мүмкіндіктер ұсынады.
Платформаның негізгі мүмкіндіктері:
• Жасанды интеллектпен (ЖИ) әртүрлі деңгейде ойнап, дайындалу және шеберлікті жетілдіру;
• Әлемнің кез келген нүктесіндегі ойыншылармен онлайн партия өткізу;
• Жеке кабинет арқылы жаттықтырушымен бірлесіп жұмыс істеу, тапсырмалар орындау және партияларды талдау;
• Қарсыласпен бейнебайланыс арқылы ойын өткізу;
• Әр партия бойынша жасанды интеллекттің толық талдауын алып, жіберілген қателерді, тиімді жүрістерді және балама нұсқаларды көру;
• Кез келген дебюттік немесе тактикалық позицияны тақтаға қойып, жасанды интеллекттің ең тиімді жүрістер жөніндегі ұсыныстарын алу;
• Онлайн турнирлерге қатысу және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыру;
• Үздік ойыншылардың батлдары мен партияларын тікелей эфирде немесе жазба арқылы тамашалап, олардың ойын мәнерін зерделеу;
• Тоғызқұмалаққа арналған оқулықтарды, әдістемелік құралдарды және ғылыми еңбектерді онлайн кітап дүкенінен сатып алу.
Платформаның тағы бір маңызды ерекшелігі – онлайн турнирлерді ұйымдастырудың толыққанды жүйесінің енгізілуі.
Ұйымдастырушылар қатысушылардың тіркелуін, ойындардың өту барысын және нәтижелердің жаңартылуын онлайн режимде бақылап, жарысты тиімді басқара алады. Сонымен қатар ойыншылар бейнебайланыс арқылы бір-бірін көріп отырып ойын өткізе алады. Бұл халықаралық деңгейдегі жарыстарды ашық, әділ әрі жоғары сапада ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда платформаға 1400-ге жуық спортшы тіркеліп, іске қосылған алғашқы үш күннің ішінде 9 мыңға жуық партия ойналды. Бұл жаңа платформаның қысқа мерзім ішінде тоғызқұмалақ қауымдастығының үлкен қызығушылығына ие болғанын көрсетеді.
Осы уақытқа дейін платформада екі онлайн турнир ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық спортшы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алдағы уақытта платформада:
• республикалық және халықаралық деңгейдегі тұрақты турнирлер өткізу;
• рейтингтік жүйені жетілдіру;
• оқу-жаттығу мүмкіндіктерін кеңейту;
• жасанды интеллекттің талдау сапасын арттыру;
• тоғызқұмалақты әлемнің түкпір-түкпіріне кеңінен насихаттау жоспарланып отыр.
Бұл жоба – ұлттық зияткерлік мұрамызды заманауи цифрлық технологиялармен ұштастырып, тоғызқұмалақтың халықаралық беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа платформа спортшыларға шеберлігін шыңдауға, жаттықтырушыларға оқу-жаттығу үдерісін жетілдіруге, ал жанкүйерлерге сүйікті ойынын жаңа деңгейде тамашалауға мүмкіндік береді.
Баршаңызды https://9qum.com платформасына тіркеліп, оның барлық мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамыз. Бірлесе отырып, тоғызқұмалақты әлемдік деңгейде жаңа белеске көтерейік!
