Түркістанда 3 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесі сотталды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Олардың әрқайсына 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті 2016-2021 жылдары «КТ Яссы Несие» ЖШС басшылығы ірі қара мал сатып алуға арналған агробизнесті қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқырғанын анықтады.
Несие алу мақсатында жалған тұлғалардың атына жалған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлік тіркелген. Өтінімдерге қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүлкі қоса ұсынылған.
Тергеу барысында 33 қылмыстық құқықбұзушылық дерегі анықталған. 24 жалған несие рәсімделіп, кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысан ұсынылған. Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық үй-жай және 4 көлік тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
