Қазақстанның әйгілі боксшысы, Ұлттық олимпиада комитетінің президенті әрі World Boxing ұйымының басшысы Геннадий Головкин Украинадағы «Миротворец» сайтының базасына енгізілді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Бұған World Boxing ұйымының ресейлік спортшыларға қатысты шектеулерді алып тастау туралы шешімі себеп болған. Аталған шешімге сәйкес, Ресей боксшылары барлық жас санаттары бойынша халықаралық жарыстарға ұлттық туы мен әнұранымен қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Украиналық сайт бұл шешімді сынға алып, ұйым басшысы ретінде Геннадий Головкиннің есімін өз дерекқорына енгізген.

Геннадий Головкин 2024 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін басқарып келеді. Ал 2025 жылдың қарашасында ол үш жыл мерзімге World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді.
Айта кетейік, Головкин World Boxing ұйымын басқарған алғашқы қазақстандық қана емес, сонымен қатар Халықаралық бокс даңқы залына енген Қазақстанның тұңғыш өкілі саналады. Бұған дейін World Boxing ұйымы ресейлік спортшыларға қатысты бірқатар шектеулерді жеңілдету туралы шешім қабылдап, бұл халықаралық спорт қауымдастығында қызу талқылауға түскен болатын.
