Құрылтай ғимаратында журналистердің депутаттармен жұмыс істеу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді БАҚ өкілдері депутаттарға сұрақтарды тек арнайы баспасөз орталығында ғана қоя алады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жаңа ережеге сәйкес, заң шығарушы орган ғимаратындағы дәстүрлі кулуарлық сұхбаттар өткізілмейді.
Кулуарлар журналистер үшін маңызды құралдардың бірі саналады. Өйткені олар депутаттармен ресми форматтан тыс тікелей сөйлесуге мүмкіндік береді. БАҚ өкілдері отырыс басталар алдында немесе аяқталғаннан кейін депутаттарға жедел сұрақ қойып, айтылған пікірлерді нақтылап, ресми күн тәртібіне енбеген мәселелер бойынша көзқарасын біле алады.
Сондай-ақ дәл кулуарларда қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті әрі күрделі тақырыптарға қатысты пікірлер жиі айтылатын. Мұндай формат депутаттар мен журналистер арасындағы жедел байланысты қамтамасыз етіп, қоғамды толғандырған мәселелер бойынша қосымша ақпарат алуға мүмкіндік беретін.
Енді депутаттармен сұхбаттасу және сұрақ қою жұмыстары тек Құрылтайдың баспасөз орталығында ұйымдастырылатын болады. Жаңа тәртіптің журналистердің ақпарат алу мүмкіндігіне қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.
