Алматыда автотұрақтар қымбаттайды. Жоба қалалық мәслихат сессиясында таныстырылды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Коммуналдық ақылы автотұрақтардағы сағатына 100 теңге деген тариф 2016 жылдан бері өзгерген жоқ. Осы уақыт ішінде қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, жол-көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артқан.
Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, бірыңғай тариф қаланың орталық бөлігінде жеткіліксіз болып отыр. Соның салдарынан жүргізушілер бос орын іздеп, қосымша жүруге мәжбүр болады. Осы мәселені шешу үшін автотұрақ тарифін аумақтағы көлік жүктемесі мен оның ерекшелігіне қарай белгілеу ұсынылған.
Жоба бойынша көлік жүктемесі төмен учаскелерде сағатына 100 теңге деген тариф сақталады. Жүктемесі орташа аумақтарда тариф 150 теңге, ал көлік көп жүретін әрі автотұрақ орындары тапшы учаскелерде тариф 200 теңге болады.
Алайда тұрғындарға арналған жеңілдік сақталады. Ақылы автотұрақ маңында тұратын тұрғын үй иелері арнайы рұқсат рәсімдеп, үйіне жақын орналасқан автотұрақты тегін пайдалана алады. Бұдан бөлек, кейбір санаттар үшін қолданыстағы жеңілдіктер де сақталады.
