Алматы қаласында әкімдік тарапынан жалға берілген пәтерлер тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Қала әкімдігі мәліметінше, коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілген пәтерлер қалай пайдаланылып жатқаны тексеріліп жатыр. Жыл басынан бері қаланың Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен Тұрғын үй инспекциясының мамандары Наурызбай, Алатау, Медеу, Түрксіб аудандарындағы 3 125 пәтерді тексерген.
Мониторинг нәтижесінде тұрғын үйді үшінші тұлғаларға заңсыз берген 172 жағдай анықталып, 114-інде пәтер босатылған. Қалған 58 жағдайда соталды талаптар жолданған.
Тексеріс кезінде тұрғын үйді жалға беру, жалдау шартында көрсетілмеген адамдар тұруы және жалдау ақысын төлеу бойынша міндетті орындамау сияқты заңбұзушылықтар анықталған.
«Жалға алушылар жергілікті атқарушы орган берген тұрғын үйде жалға алушыларды және уақытша тұрғындарды тұрғызуға құқылы емес. Босаған пәтерлерде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталған соң бұл үйлер жалға берілетін баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі», — деп жазылған хабарламада.
