Таразда мектептегі төбелестен кейін 10-сынып оқушысын бір көзінен айырған жасөспірімге үкім шықты, деп хабарлайды Tarazy.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны жеті жылға бас бостандығынан айырды.
Оқиға биыл сәуір айының ортасында Тараздағы гимназиялардың бірінде болған. Тергеу мәліметінше, үзіліс кезінде 10-сынып оқушысы Дамир Сұраншиев пен бірнеше тоғызыншы сынып оқушысының арасында жанжал туындаған. Бұған олардың бір-бірін иығымен қағып кетуі себеп болған.
Кейін Дамирді ер балалардың киім ауыстыратын бөлмесіне шақырған. Сол жерде жанжал төбелеске ұласып, оқушы ауыр жарақат алған.
«Жәбірленуші соққы салдарынан ауыр дене жарақатын алып, бір көзінің көру қабілетінен толық айырылды. Сот үкімімен К. кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», — деп хабарлады сот өкілдері.
Істі тергеу мен сот процесі жеті айға созылып, жабық жағдайда өтті. Төбелеске бірнеше адамның қатысқаны айтылғанымен, сот алдында бір ғана жасөспірім жауап берген. Бұған дейін үйқамақта болған сотталушы үкім жарияланған соң сот залында қамауға алынды. Ол тағылған айыпты ішінара ғана мойындаған.
Жарақат алған оқушы осы уақытқа дейін жеті рет ота жасатқан. Анасының айтуынша, қазір оның екінші көзінің де көру қабілеті нашарлап барады. Болашақта дәрігер болуды армандаған жасөспірім ауыр жағдайдан кейін күйзеліске түскен.
Дамирдің анасы Зухра Каримова сот шешімімен толық келіспейтінін және апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
«Мен апелляцияға беремін және оқиғаға қатысқандардың барлығын жауапқа тартуды талап етемін. Бұл топ болып жасалған шабуыл екенін әуел бастан айтып келеміз. Сондықтан қалған қатысушылар да жазалануға тиіс деп есептеймін», — деді ол.
