2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаудың жаңа қағидалары күшіне енеді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік көмектің мөлшері қалай есептелетіні, қандай азаматтарға жұмыспен қамтуға қатысты талаптар қойылмайтыны және қандай жағдайда адамға әлеуметтік қолдау қажет емес деп танылуы мүмкін екені айқындалды.
Атаулы әлеуметтік көмек қалай есептеледі?
Үкімет бекіткен қағидаға сәйкес, АӘК мөлшері отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма негізінде есептеледі. Кедейлік шегі Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар үшін белгіленген көрсеткіштерге сәйкес анықталады. Әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының әр мүшесіне жеке есептеледі.
АӘК-тің қандай түрлері болады?
Жаңа қағидалар бойынша атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі қарастырылған: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек табысы төмен азаматтарға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға беріледі.
Бұған қоса, отбасының еңбекке жарамды мүшелері болмаған жағдайда да шартсыз көмек тағайындалуы мүмкін. Егер отбасындағы жалғыз еңбекке жарамды адам үш жасқа толмаған баланы күтумен айналысса, мұндай отбасы да осы көмек түрін алуға құқылы.
Шартты ақшалай көмек алу үшін әлеуметтік келісімшарт жасасу міндетті болады. Яғни көмек тағайындау кезінде азамат пен тиісті әлеуметтік қызметтер арасындағы келісімшарт талаптары ескеріледі. Жаңа қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
