Қазақстанда маркетплейстерде балаларға арналған жаңа шектеу енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді.
«Жаңа қауіптер мен технологиялардың дамуын ескере отырып, бірқатар шара ұсынылды. Онлайн ойындарды қосқанда, барлық цифрлық және ақпараттық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген. Ол үшін платформаларға өнімнің мазмұны мен цифрлық қауіптері туралы ақпаратты көрсету міндеттеледі. Мысалы, ойын ішінде хат алмасу немесе сатып алу мүмкіндігі бар-жоғын белгілеу қажет. Бұдан бөлек, уәкілетті мемлекеттік органның міндетті тексеріс тетігін енгізу, заңбұзушылықтарды анықтау үшін мониторинг жүргізу, сондай-ақ, қауіп төндіретін ақпараттық немесе цифрлық өнімді, мысалы, ойынды өшіру немесе бұғаттау талаптары қарастырылған», — деді депутат.
Заң жобасында платформалардың иелеріне заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік жүктеу ұсынылған. Сондай-ақ, балаларды анықтауға және сәйкестендіруге мүмкіндік беретін суреті бар ID-карталарды енгізудің халықаралық тәжірибесі ескерілген.
