Қазақстан футбол федерациясындағы қаржылай мәселелер мен ұлттық құраманың сәтсіз ойындары қоғамда қызу талқыланып жатыр. Журналист Михаил Козачков федерация басшылығындағы өзгерістерге, шетелдік мамандардың қызметіне және ұйым төңірегіндегі қаржылай дауларға назар аударды. Оның сөзінше, футболды дамытуға жауапты құрылымдағы қомақты жалақы мен өтемақылар ұлттық құраманың нәтижесіне сай келмейді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Бұған Молдова құрамасынан 2:1 есебімен жеңілуі себеп болған. Журналист Қазақстан футболындағы маусым қорытындысын саралап, федерация басшылығының жұмысына қатысты бірқатар мәселені көтерді.
«Қазақстан футбол құрамасы Ұлттар лигасындағы ұятты өнерін жалғастырып жатыр. Кеше біздің үздік футболшылар Кишиневтің көрікті жерлерін аралап, Молдова құрамасынан 2:1 есебімен жеңіліп қайтты», – деп жазды Михаил Козачков.
Басшылық ауысты, бірақ нәтиже көңіл көншітпейді
Журналистің жазуынша, биыл көктемде Қазақстан футбол федерациясының басшылық құрамында елеулі өзгерістер болған. Атап айтқанда, ұйымның бас хатшысы қызметіне Ұлыбритания азаматы Скотт Манн тағайындалған.
Ал жазда ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетті. Ол мұндай шешім қабылдауына кәсіби міндеттерін толыққанды атқаруға қажетті жағдайдың жасалмауы себеп болғанын мәлімдеген.
«Алға қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті кәсіби жағдайлар жоқ», – деген еді Байсуфинов.
Оның орнына нидерландылық маман Джон ван ’т Схип келді. Козачков бұл тағайындауды федерацияның жаңа бас хатшысы Скотт Маннмен байланыстырады.
Алайда бапкерлер құрамындағы өзгерістер әзірге ұлттық команданың нәтижесіне оң әсер етпеген.
Журналист келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстан құрамасы күзде Ұлттар лигасы аясында бес кездесу өткізіп, үшеуінде жеңілген. Ал Фарер аралдарымен өткен екі ойын тең аяқталған. Команданы Словакияға қарсы соңғы үй кездесуі күтіп тұр.
ҚФФ-дағы қаржылай даулар
Ұлттық құраманың сәтсіздігімен қатар, федерацияға қарасты құрылымдардағы қаржы мәселелері де қоғам назарын аударған.
Козачков Қазақстан футзал қауымдастығында қалыптасқан жағдайға ерекше тоқталды. Оның мәліметінше, ұйымның қызметкерлер мен мердігерлер алдындағы берешегі сот дауларына ұласқан.
«Федерацияны жанжалдар жан-жақтан қысып жатыр. Футзал қауымдастығында аяқ астынан қаржылық тапшылық пайда болды. Бейне бір кеңседен барлық ақшасы бар чемоданды лақтырып жібергендей. Соңы сот процестеріне, қарыздарға және қызметкерлердің шағымдарына ұласты», – деп жазды журналист.
Бұған дейін қауымдастық қызметкерлері мен мердігер ұйымдар төленбеген қаражатты өндіріп алу мәселесін көтерген. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, ұйымға қатысты тоғыз атқарушылық іс қозғалған.
Бұрынғы аудитор 50 миллион теңгеге жуық өтемақы өндіріп алды
Федерацияның өзіне қатысты да сот дауы туындаған.
ҚФФ-ның бұрынғы бас аудиторы Қамбар Омаров жұмыстан босатылғаннан кейін сотқа жүгініп, еңбек келісімшарты мерзімінен бұрын тоқтатылғаны үшін өтемақы талап еткен.
Бұған дейін жарияланған мәлімет бойынша, Омаров 2025 жылдың қаңтарында жұмысқа қабылданған. Оның ай сайынғы еңбекақысы шамамен 2,5 миллион теңгені құраған.
2026 жылдың мамырында штат қысқаруына байланысты қызметінен босатылған аудитор еңбек келісімшартындағы талаптарға сүйеніп, қалған мерзімге тиесілі жалақысын өндіріп алуға әрекет жасаған.
Нәтижесінде сот оның талабын ішінара қанағаттандырып, федерацияны 50 миллион теңгеге жуық өтемақы төлеуге міндеттеген.
«Федерацияның өзімен де соттасып жатыр. Бұрынғы бас аудитор Қамбар Омаров жұмыстан босатылғаны үшін келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейінгі барлық жалақысын өтемақы ретінде өндіріп алды. Бұл шамамен 50 миллион теңге. Соның арқасында федерацияда өте қомақты жалақы төленетінін білдік», – деп атап өтті Козачков.
Айына 5 миллион теңге жалақы және қосымша шығындар
Федерация қызметкерлерінің еңбекақысына қатысты бұған дейін де ақпарат тараған.
Атап айтқанда, спорт журналисі Ербол Қайыров ҚФФ-ның ұлттық құрамалар департаментінің директоры Руслан Балтиевтің табысы туралы мәлімет жариялаған.
Оның айтуынша, Балтиев ай сайын 5 миллион теңге жалақы алған. Бұдан бөлек, қызметтік көлікке 500 мың теңге және қонақүйде тұруына тағы 500 мың теңге қарастырылған.
Осылайша, журналист келтірген дерекке сүйенсек, бір басшыны қамтамасыз етуге ай сайын 6 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсалған.
Дегенмен бұл мәліметтер федерацияның ресми қаржылық есебімен расталмаған.
Бұған қоса, бұған дейін әлеуметтік желілерде ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн жылына 1 миллион доллар, ал ұлттық құраманың бас бапкері Джон ван ’т Схип айына 75-84 мың доллар алады деген ақпарат тараған.
Қазақстан футбол федерациясы бұл мәліметтерді жоққа шығарған. Ұйым өкілдері ұлттық құраманың бас бапкеріне төленетін жалақы бұрын осы қызметті атқарған Талғат Байсуфиновтың еңбекақысынан аспайтынын мәлімдеген.
Алайда федерация аталған мамандардың нақты табысын ашық жарияламады.
