Елімізде алаяқтар 1,5 жыл бұрын көз жұмған баланың атынан ақша жинап келген. Жеті баланың анасы Оңласын Асылбаева оқиғаның қалай белгілі болғанын әңгімелеп берді, деп хабарлайды Tarazy.kz «31 арнаға» сілтеме жасап.
Айтуынша, кенже ұлы Диас Мұса ауыр дертпен арпалысып, өмірден озған. Ол алаяқтардың әрекеті әшкере болардан бір күн бұрын түс көрген.
«Балам түсіме кірді. Өзі сондай мұңлы, жылап жатыр екен. Маған ренжігендей болды. Ертеңіне маған таныстарым әлеуметтік желідегі видеоны жіберді. Сөйтсем, алаяқтар менің ұлымның суретін қойып, қайырымдылық қор ашқан екен. Баламның жаны тынышталмай жатыр ғой. Олар не үшін баламды шырқыратады?» – дейді көзіне жас алған ана.
Шын мәнінде, ата-анасы ұлын емдету үшін екі жыл бұрын ғана халықтан көмек сұраған. Ол кезде 70 мың доллар жиналып, 2024 жылы қаражат жинау толықтай тоқтатылған.
Диастың ата-анасы жағдайды ести сала полицияға арыз жазған. Құқық қорғаушылар жалған қайырымдылықпен айналысқан адамдарды анықтаған. Бірақ олар әлі ұсталмаған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
