Алматы қаласында биылғы басты инфрақұрылымдық жобалардың бірі – BRT (Bus Rapid Transit) желісі. Бұл жүйе мегаполистің ең тығыз жүретін бағыттарының бірінде – Райымбек батыр даңғылы мен Желтоқсан көшесін бойлай салынуда. Жоба қаладағы көлік жүктемесін азайтып, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруды көздейді.
Құрылыстың негізгі учаскелері
Райымбек батыр даңғылы бойындағы құрылыс жұмыстары үш бөлікке бөлінген:
- Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аралық – шамамен 1,8 км;
- Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейін – шамамен 7,2 км;
- Ахрименко көшесінен Алтын Орда базарына дейін – шамамен 7,5 км.
Бүгінде жобаның шамамен 35%-ы тротуарлар, ал 27%-ы инженерлік желілер бойынша орындалған. Құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай 2026 жылдың қарашасына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ал биыл Желтоқсан көшесі бойындағы 4,6 км BRT желісі толық пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта онда жұмыстардың 95%-ы аяқталған. Ал Райымбек батыр даңғылының бойында 2025 жылы тек Суюнбай көшесінен Ахрименко көшесіне дейінгі аралық іске қосылады, қалған бөліктері 2026 жылы тәмамдалады.

Қандай материалдар қолданылуда?
Ауқымды жобада сапалы әрі төзімді құрылыс материалдары пайдаланылуда. Негізгі материалдардың қатарында:
- қиыршық тас – жол төсемінің беріктігін қамтамасыз етеді;
- инертті қоспалар – асфальт қоспаларының негізін құрайды;
- битумдық қоспалар – төсемнің серпімділігін арттырады;
- темір-бетон конструкциялары – аялдама алаңдары мен инженерлік инфрақұрылымдарда қолданылады.
Сапа қатаң бақылауда
Жол сапасын қадағалау ісін Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Алматы қалалық филиалы жүргізуде. Инженерлер құрылыс нысанынан қиыршық тас пен инертті материалдардан сынама алып, зертханалық тексерістер өткізуде. Зерттеу нәтижелері мердігер компаниялар мен тапсырыс берушілерге ұсынылып, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мемлекеттік стандарттарға сәйкес орындалуына ықпал етеді.