Белгілі қоғам қайраткері Амалбек Тшанов Мемлекет басшысына арнап видеоүндеу жариялады. Онда ол елдегі өзекті мәселелерге тоқталып қана қоймай, жаңа Конституциядағы кейбір нормалармен келіспейтінін ашық мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Тшанов өз сөзінде Ата заңға енгізілген өзгерістердің жекелеген баптары қоғамда кең талқыланбай қабылданды деген пікір білдіріп, оларды қайта қарау қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, Конституция – елдің басты құжаты болғандықтан, ондағы әрбір норма халық мүддесіне толық сай болуы тиіс.
Видеоүндеуде қоғам қайраткері бірқатар тұстардың құқықтық және саяси салдарына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселеге терең құқықтық сараптама жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар, ол Конституцияға қатысты даулы нормаларды қайта талқылап, қажет болған жағдайда өзгерістер енгізу бастамасын көтерді.
Тшанов Президенттен жағдайды жеке бақылауына алуды және тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырма беруді сұрады. Ол өз ұстанымының заң аясында екенін айтып, мәселенің ашық әрі әділ қаралуына үміт артатынын жеткізді.
Қазіргі уақытта аталған видеоүндеу әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғам арасында қызу пікірталас туғызды. Сарапшылар бұл бастама елдегі конституциялық реформалар төңірегіндегі талқылауды жандандыруы мүмкін екенін айтуда.
Видеоүндеуді мына сілтеме арқылы көре аласыз!
