Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен облыстық жедел штабтың кезекті отырысында азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу және оның алдын алу шаралары сараланды, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, өңірде COVID-19 вирусымен ауырған адамдардың саны бұған дейін тіркелген 3 жағдаймен қалып отыр.
Баяндамашы құқық қорғау органдарынан азаматтардың дәрігерлердің заңды талаптарына бағынбауына қатысты мәселелерді шешуге атсалысуын сұранды. Мұндай оқиға Қордай ауданында орын алған. Ондағы тұрғын тек ұзақ әңгімелесуден кейін ғана ауруханаға баруға көніп, қажетті талдауларды тапсырған. Талдау нәтижесі теріс болып шыққан, егер жағдай басқаша болғанда, онда мәселе тіпті күрделене түсуі мүмкін еді.
Штаб басшысы Бердібек Сапарбаев бұл жайтқа бей-жай қарамай, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетовке нақты тапсырмалар жүктеді. Өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндірген, төтенше жағдай режимін бұзған адамдарға қатысты заңды жазалау шараларын қолданудың маңыздылығын баса айтты.
Бұл тапсырма Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековке де қатысты болып шықты. Аталған ауданға қарасты ауыл тұрғыны көкпардан жарыс өткізбек болғандығы анықталып, уақытша ұстау изоляторына жеті күнге қамаққа алынды.
Сондай-ақ, жиында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандәулет Кенжебековтің азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі жұмыстарының нәтижесіздігін облыс басшысы сынға алды.
— Бүгінгі таңда халықты алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі – баға тұрақсыздығы. Сіз өзіңіз екі апта ішінде негізгі азық-түлік тауарларының құнының не себепті өсіп отырғанына талдау жүргізіп көрдіңізбе? Бағаның өсуі көптеген сауда желілерінде байқалуда. Басқа өнімдер туралы айтпағаннын өзінде, ең болмағанда тұз бағасын ұстап тұра алмаймыз. Құрылған мобильдік топтардың жұмысы сәтсіз жүргізілді, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өзінің орынбасары Нұржан Календеровке прокуратура және монополияға қарсы қызмет қызметкерлерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның көтерілу себебін тексеруді тапсырды. Полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов 25 блок бекеттің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін қосымша қаржы бөлуді өтінді. Ол қаржы тепловизор алу, бетон блоктар және жол белгілерін орнату мен жарықтандыру үшін қажет.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев 5 ауданда бетперде дайындайтын шеберханалар ұйымдастырылғанын, бүгінде оларда 17,8 мың бірлік бетперде тігілгенін хабарлады. Әйтсе де бұл жеткіліксіз болып отыр.
Өкінішке қарай, тепловизорлар ауруды дәл анықтауға қабілетсіз. Бұл құрылғылар коронавирусты жұқтырған 3 жамбылдықтың температурасының жоғарылауын көрсете алмаған. Сондықтан да сәуір айының басынан бастап науқасқа дәл диагноз қоя алатын қытайлық шұғыл-тесттер қолданыла бастайды.
Бердібек Сапарбаев коронавирусқа байланысты енгізіліп жатқан шектеу шаралары азаматтардың табыстары мен экономикаға кері әсер етіп жатқанын атап өтті. Әйтсе де, бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау мен көмек көрсетілуде. Сондықтан да жергілікті атқарушы органдар, мұқтаж адамдарға қаржы беру үшін қажетті құжаттарды шұғыл рәсімдеуге көмектесу керек.
– Біздің басты міндетіміз – күннен-күнге өршіп келе жатқан жұқпалы ауруды ауыздықтау, өзіміздің азаматтардың денсаулығын барынша қорғау. Біз мұндай жағдайда жұмыс орындарын сақтап, бағаның шарықтауына жол бермеуге тиіспіз. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым адамдардың өмірінде қалыптасып отырған қиындықтарды барынша еңсеруіміз керек. Облыс тұрғындарынан бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, қолға алынып жатқан шектеулер мен шараларға түсіністік танытуды сұраймын. Олар сіздердің және сіздердің жақындарыңызды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде осындай күрделі жағдайда қолға алынып жатқан барлық шаралар сіздер түсіністік танытқан және қолдаған жағдайда ғана тиісті нәтижесін береді. Егер мемлекет, қоғам, азаматтар бірлесіп әрекет жасайтын болса, бұл қиындықты да еңсереміз. Демек бүгінде Сіздерге көп нәрсе байланысты. Біз көмек және қолдауға мұқтаж жақындарымыз бен айналамыздағылар үшін жауапты екенімізді барынша түсіну керекпіз.
Билік осындай қиын сәттерде өзінің шұғыл және дәл шешімдер қабылдай алатынын, азаматтарға нақты көмек қолын соза алатынын көрсетуі тиіс. Аудан әкімдеріне көп нәрсе байланысты, олар аз ұйықтап, бар күш-жігерлерімен жұмыс жасаулары қажет, – дей келе Бердібек Сапарбаев штаб отырысын қорытындылады.