Баку, 20 желтоқсан, АЗЕРТАДЖ
Әзірбайжан мемлекеті мен оның халқына деген жауапкершілікті Ильхам Әлиев жас кезінен-ақ алды, сезінді. Президент болып сайланғанда оның жасы 42-де еді. Қазіргі заман тарихына көз салсақ, мұндай жас президентті жолықтыру неғайбыл. Күдік болды: қолынан келе ме? Келді. Уақыт және халықтың таңдауымен өзіне жүктелген осынау міндетті ол табыспен атқарып шықты.
Ильхам Әлиевтің өмірі – бұл сәттілікке кенелген өмір парақтары іспетті. Мәскеуде оқыған жылдары, мұнай бойынша күрделі келіссөздер, 16 жылдық президент атану, әр жыл, әр ай тарих беттеріне енді…
Мұны көшбасшылық талантпен қоса берілген ерекше дарын деуге де болады. Сонымен қатар ол Гейдар Әлиевтің мектебінен өтті, осылайша танымдық-саяси көзқарастары қалыптасты. Басқару ғылымын ол ұлы саяси қайраткер, біздің егемен заманауи мемлекетіміздің негізін қалаған, ұлтымыздың ұлы көшбасшысы Гейдар Әлиевтен сіңірді. Саясаттағы сабақтастық қағидасы Президент Ильхам Әлиевтің барлық сөйлеген сөздерінен көрінеді. Оны әлемдік көшбасшылардан ерекшелеп тұратыны – бұл халықпен үзбей байланыс жасауы. Өзінің бір сұхбатында ол: «Халықпен жақын жүз көрісіп жасаған қатынасым оның тамырын басуға, адамдарды не мазалайтынын әрі шешімдердің орындалуын бақылауға мүмкіндік береді» деді.
Қанеки, тарихқа, көшбасшы-реформатор, дамыған Әзірбайжан мемлекетін құрушы біздің Президентіміздің өмір жолына бірге үңілейік.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) ең жас түлегі және оқытушысы
Ата-анасы оны алты жасқа толмаған кезінде мектепке берген. 16 жасқа толмай жатып мектепті аяқтайды. Бұл жаста жеке бас куәлігі берілмейтіндіктен, Ильхам Әлиев Мәскеуге институтқа анықтамамен түседі. 16 жасқа толмаса да, бірінші талпынысынан-ақ ең мықты оқу орындарының бірі саналатын Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына (ММХҚИ) оқуға қабылданады. Мұнда ол өздігінен өмірлік тәжірибе жинақтайды, қатынас жасайды. Институтты аяқтағаннан кейін КСРО-ның шетелдегі бір елшілігіне бағыттама қағазын алады, алайда ММХҚИ-да қалуды жөн көреді. Аспирантураға түсіп, диссертация қорғап, 23 жасында альма-матерде мұғалім болып жұмыс істей бастайды.
Жалпы есепте Ильхам Әлиевтің 15 жылдық өмірі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтымен тығыз байланысты. Сол уақытты ұмытылмас кездер деген Ильхам Әлиев орыс телеарналарына берген сұхбатында «Студенттік кездер әр адам үшін ерекше жылдар. Бұл жетілу кезеңі, жеке өмірге қадам басу уақыты. Бұл жылдар маған білім ғана беріп қойған жоқ, қарым-қатынас жасау тәжірибесін де берді. Бұл жеке өмір сүрудің алғашқы тәжірибесі еді», — деді.
Ильхам Әлиевтің бұл сұхбаты ұлы көшбасшының 16 жыл бұрын өзінің саясатта табанын басып келе жатқан ізбасары туралы айтқан сөзін ойға оралтты: «Ол өте ақылды, жігерлі және бастамашыл, қазіргі заманғы әлемдік саясат пен экономиканы жақсы білетін адам».
Ильхам Әлиевтің ММХҚИ қабырғасында алған білімі мен тәжірибесі, ондағы атмосфераның өзі оның әрі қарайғы мемлекет қайраткері болып қалыптасуында, саяси қызметінде маңызды рөл атқарды. Ал бұл алдыңғы қатарлы оқу орны Ильхам Әлиевпен – түлектерінің ішінде өзінің тұңғыш Президент шәкіртімен мақтанады. Зерттеу жүргізіп отырып мен ММХҚИ-дің бұрынғы ректоры Николай Лебедевтің Ильхам Әлиевке айтқан сөзін зерделедім: «Мен сізге қашан да «өте жақсы» деген баға қойдым. Сіз бұл бағаға дамып келе жатқан мемлекеттің басшысы ретінде де лайықсыз».
Меніңше Ильхам Әлиевтің студенттік жылдары мен президенттік қызметін дәл осындай дәлдікпен жеткізуден өзге сөз табу қиын.
Мұнай бойынша күрделі келіссөздер мен қарсыластарын сендіре білу қасиеті
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Әзірбайжан ауыр экономикалық дағдарысты өткерді. Гейдар Әлиевке дейін билікте болғандар оған салмағы ауыр аманатты қалдырып кетті. Мемлекеттің қазынасында ештеңе де жоқ. Мұндай жағдайда бір жұмыстың басы-қасынан табылып, жүргізіп кету қиын еді, бар үміт теңіз түбіндегі мұнайда болды.
Көрегендігі басым ұлы көшбасшы Каспийдегі мұнайды өндіру үшін шетелдік компанияларды тартуға кірісті. Алайда сол тұста Әзірбайжан тәуекел етуге тура келетін мемлекет еді. Ұлы көшбасшының Отан мен халық алдындағы тарихи еңбегінің бірі шетелдік инвесторларды Әзірбайжанға инвестиция салу бекер болмайтындығына сендіру болды.
Келіссөздер өте күрделі өтті. Әр тарап өз мүддесін көздеді. 1994 жылы Бакуде басталған келіссөздер Стамбұл мен Хьюстонда жалғасты. Екінші тарап аса ауыр шарттар қойды. Егер Әзірбайжан Ресеймен келіссөздер жүргізіп, Каспидің құқықтық статусы мәселесін шешпейтін болса, келіссөздер тоқтайды деген шарт та алға тартылды. Алайда статус мәселесі бір-екі жылда шешілетін жайт емес еді. Мұндай ақпаратты алған ұлы көшбасшы сол кезде Мемлекеттік мұнай компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі вице-президенті қызметін атқарған Ильхам Әлиевті Вашингтонға жіберді. Ол мұхиттың арғы бетінде өте пайдалы келіссөздер жүргізіп, мәселені шешеді.
Ұзақ жылғы бақылаудан айтар болсақ, Ильхам Әлиев өзінің жасаған қызметін сыртқа көрсете бергенді ұнатпайды. Ол мұнай бойынша келіссөздерге қатысқанын сирек айтады. «Ғасыр келісімшартына» 25 жыл толуына және Мұнайшылар күніне байланысты ол жақында ғана Хьюстонда бір айдан артық уақытқа созылған келіссөздер шешуші рөл атқарғанын атап өтті: «Мемлекеттік мұнай компаниясының басшысы, өмірден өтіп кеткен досымыз Натиг Әлиев, Хошбахт Юсифзаде, Валех Алескеров, мен және басқа да серіктестер инвесторларды Әзірбайжанға мұнай салуға болатынына және ол мүмкін екендігіне, бүгін Әзірбайжанға инвестиция салғандар ертең үлкен пайдаға кенелетіндеріне сендірдік. Онсыз да солай болды. «Ғасыр келісімін» іске асыруға салынған инвестициялар толық көлемде өтелді. Шетелдік инвесторлар миллиардтаған доллар пайда тапты. Әзірбайжан мемлекетінің кірісі жүз миллиард доллардан асты».
Келіссөзге қатысушылардың бірі Хошбахт Юсифзаде мына сәттерді есіне алады: «Ол кезде тәуелсіздік жолына жаңа бастаған Әзірбайжанда мұнай мамандарының шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізуде жеткілікті тәжірибесі болмағанын атап өткен жөн. Алайда Ильхам Әлиевтің Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтын бітіріп, жоғары дәреже алып, содан кейін осы институтта сабақ беруі, ағылшын тілі және халықаралық-құқықтық мәселелер бойынша жақсы білуі, серіктестерімізбен тікелей байланыс орнатуы, қиын жағдайдан шығудың жолын тауып, оны жоюы Вашингтондағы құзырлы адамдармен кездесуде байқалды».
Осылайша, «Ғасыр келісімі» атауын иеленген бұл мәміле Әзірбайжанды даму жолына шығарды және мұнай өнеркәсібінің, жалпы елдің кейінгі тағдырында шешуші рөл атқарды. «Азери-Чираг-Гюнешли» мұнай кен орнында 500 миллион тонна мұнай өндіріліп, екі жыл бұрын келісімшарттың 2050 жылға дейін ұзартылуы 1994 жылы шешімнің қаншалықты дұрыс болғанын тағы да растайды.
Уақыт пәрмені және халықтың дана таңдауы
Осыдан он алты жыл бұрын, Әзірбайжан уақыттың жаңа сынақтарына тап болғанда, біздің халқымыз тағы бір рет дана таңдау жасай отырып, өзінің әрі қарайғы тағдырын ұлы көшбасшының ізін басқан Ильхам Әлиевке сеніп тапсырды. Әрине, бұл таңдау Гейдар Әлиевтің табысты жолының жалғасы ғана емес, ол оның мұрагеріне деген сенімге негізделді.
Ильхам Әлиевтің президенттік кезеңін қалай сипаттуға болады? Бір сөйлеммен айтар болсақ, бұл уақытта Әзірбайжан сияқты дамыған мемлекет болған жоқ: әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыдан да, басқару жүйесін жетілдіру әрі реформалардың динамикасы тұрғысынан да.
Басқа бағыттан қарар болсақ, жаңғырудан өткен Әзірбайжан сапалы жаңа кезеңге аяқ басты. Елдегі бар сала жаңарып, адам танымастай өзгерді. Бұл жаңарту халықтың әл-ауқатының тұрақты өсуімен, жинақталған мәселелердің едәуір бөлігін шешумен, мемлекет пен халықты бір тұғырда біріктірді.Біздің көз алдымызда болып жатқан үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін даму – мұнай, газ, құнарлы топырақ, не арқылы мүмкін болды? Жоқ. Мұнай мен газ қоры Әзірбайжаннан да көп мемлекеттер бар, бірақ олар кедейлікте өмір сүріп, қақтығыстардан көз ашпады.
Біріншіден, бұл көшбасшының шешуші рөлі туралы. Прагматизм, икемді және ойластырылған мемлекеттік саясат, жүйелі және дәйекті көзқарас, парасаттылық пен адалдық, басқарудың жоғары деңгейі және гуманизм — бәрі де Ильхам Әлиевке тән көшбасшылық қасиеттер.
Әзірбайжанның дамуы, ұлттық мүдделеріміздің сенімді қорғалуы және қамтамасыз етілуі мемлекет басшысының жоғары қасиеттерінің арқасында мүмкін болды. Ол Әзірбайжанды заманның сынақтарынан шебер алып шыға алды.
Президент Ильхам Әлиев өзінің басты міндетін халыққа қызмет етуде көреді және мұны барлық шенеуніктерден талап етеді. Өзі жүргізіп жатқан саясаттың басты нысаны Әзірбайжан халқы, оларға қамқорлық танытуы. Сондықтан болар халық өз көшбасшысын қолдаған және қолдауы жалғасын табуда. Мұны өткен жылы жүргізілген сауалнамалар нақты растады.
Сенім арақатынасы және үнемі өсіп келе жатқан деңгей
Егер әлемдік тәжірибеге жүгінетін болсақ, президенттік сайлаудан кейін көшбасшылардың рейтингі төмендейтінін байқаймыз. Бұл мемлекет басшыларының сайлау алдындағы барлық уәделерін орындай алмауы немесе қоғамның мүдделеріне сәйкес келмейтін шаралар қабылдауына байланысты. Олардың қызметін мақұлдау коэффициенті ең жақсы жағдайда 50-60 пайыздан аспайды.
Президент Ильхам Әлиевтің рейтингі тұрақты және айтарлықтай жоғары. Әзірбайжандағы соңғы президенттік сайлаудан бір жыл өткен соң Францияның Opinion Way әлеуметтік пікірлерді зерттеу орталығы Әзірбайжанда президент сайлауы өткен бір жылдан кейін зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінің 85 пайызы Ильхам Әлиевтің жүргізіп жатқан саясатын қолдайтындарын жеткізген. Респонденттердің 75,6 пайызы президенттің сайлау алдындағы уәделерін қалай бағалайды деген сұраққа оң жауап берді. Институт басшысы Бруно Жибар бұл сауал біржақты расталғанын көрсетті дейді: Әзірбайжан өздерінің саяси басшылығын қолдайды.
Әзірбайжан Президентінің қызметіне байланысты тағы бір сауалнама жақында ғана әлеуметтік даму Орталығы жүргізді. Сауалнама барысында 1316 респондентке Ильхам Әлиевтің қазандағы қызметіне баға беру сұралған. Олардың 77,5 пайызы елде Президентке артылған сенімнің ұлғайғанын айтады, ал 18,1 пайызы мемлекет басшысына деген сенім бұрынғы уақыттай сақталғанын алға тартады: барлығы жалпы есепте 95,6. Басқа сұрақтардың жауабы да қызығушылық танытады. Мәселен, Президенттің бастамасымен Әзірбайжанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық қызмет пен реформаларды респонденттер 90,5 пайызға бағалаған, ал аймақтарды дамыту бойынша жүргізілген жұмыс 93,1 пайыз бағаланған.
Респонденттердің 80 пайызынан көбі елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты Президент Ильхам Әлиевтің қызметіндегі ең табысты фактор деп бағалаған. Мұндай жоғары баға алу онсыз да түсінікті: әлем мен аймақта неше түрлі кереғар ситуациялар болып жатса да, Әзірбайжан әлеуметтік-экономикалық дамуын сақтап қала алды, қажетті қадамдардың бәрі жасалып, халықтың әл-ауқаты мен тыныштығы үшін бар мүмкін шара қолданылды.
Ильхам Әлиевтің оң имиджін қалыптастырудағы негізгі факторларға сарапшылар 2018 жылдың сәуірінен 2019 жылдың сәуіріне дейін жүргізілген құрылымдық және кадрлық реформаларды, мемлекеттік басқарудағы тазалық пен қоғамның құтын қашыратын теріс құбылыстардың алдын алуды жатқызады.
Сөз бен істің бірлігі
Атап өткеніміздей, мемлекет басшыларының рейтингіне сайлау алдында берген уәделерін орындау ерекше ықпал етеді.
Осы мәселеге қатысты Opinion Way әлеуметтік зертетулер Институты жүргізген сауалнамаға жауап берген респонденттердің 75,6 пайызының көңілі толатындарын айтқан. Бұл әлбетте сөз бен істің бірлігінен шыққан нәтиже: Президент Ильхам Әлиевтің бірде-бір уәдесі орындаусыз қалмады. Еске салсақ, мұнай кірістері шұғыл төмендеп кетіп, әлем ғаламдық дағдарысқа ұшыраған сәтте Әзірбайжанның бар әлеуметтік бағдарламасы орындалды. Ильхам Әлиев бар бастаған ісін соңына дейін жеткізді. Егер бұған Әзірбайжанның бастамасымен және қатысуымен жүзеге асырылған трансұлттық энергетикалық және көліктік жобаларды, еліміздің ғарыштық мемлекеттердің шағын клубына кіруін қосатын болсақ, онда көрініс одан да айқын болады.
Халықпен тікелей қатынас жасайтын, бар мәселеде бұқарамен ынтымақтасатын Президент көтерілген мәселелерді жедел шешу үшін шаралар қабылдады. 2003 жылы алғаш рет президент болып сайланған Ильхам Әлиев 600 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға уәде бергені көпшіліктің есінде. Ол кезде кейбірі мұны ойға сыймайды деп ойлады. Президент бұл уәдесін орындады. Бүгінгі таңда еліміздегі жұмыссыздық 45 пайыздан 5 пайызға, ал кедейлік 50 пайыздан 3 пайызға дейін азайды.
2000 жылдардың басында энергетика, газ және сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымы, аймақтардағы мектептер мен ауруханалардың жағдайы ауыр болды. Президент халықты толғандыратын бұл мәселелер жақын арада шешілетінін айтты. Көп күттірген жоқ. Қазіргі уақытта республиканың 95% газбен қамтамасыз етілген. Он алты жылдың ішінде шамамен 16 мың шақырым жол төселді. Үш мыңнан астам мектеп салынды, 600-ден астам медициналық нысан қалпына келтірілді немесе жөнделді. Осы уақыт ішінде 30-дан астам электр станциялары іске қосылды, Әзірбайжан электр қуатын экспорттайтын елге айналды.
Ильхам Әлиев президент болып сайланған алғашқы күннен бастап ұлы көшбасшы Гейдар Әлиевтің саясатын жалғастыратындығына уәде берді. Ол әр азаматтың Президенті бола алатынын айтты. Осы және басқа да уәделер іс жүзінде жүзеге асты. Әзірбайжан тарихта ешқашан мұндай қуатты, тәуелсіз және еркін болған емес. Күн сайын жаңғырған, тәуелсіз, қуатты Әзірбайжан Ильхам Әлиевтің еңбегі.
Күмәндарға жауап: жұмыс және нәтиже
Әдетте, жаңа идея немесе бастама көтерілгенде, көптеген адамдар бұл мәселеге күмәнмен қарайды, әсіресе Әзірбайжан сияқты даму жолына түскен ел осындай идея ұсынса, солай болуы заңдылық. Гейдар Әлиевтің Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры туралы идеясы бір кезде қалай қабылданғанын еске алайықшы. Күмәншылдар Әзірбайжаннан Жерорта теңізіне құбыр тартуды ойға қонымсыз деп санады. Ол тіпті «үш теңіздің аңызы» деп аталды.
Немесе президент Ильхам Әлиевтің идеясы саналатын «Оңтүстік газ дәлізі» жобасын алайық. TANAP құбырына қатысты бастама да осындай күмәнға толы болды. Оның жүзеге асуы мүмкін еместігі туралы көп әңгіме болып, мақалалар да жарияланды. Бұл сәт Қытай телеарнасы тілшісінің назарынан тыс қалмады. Бұл туралы Қытай тілшісінің сұрағына жауап берген Ильхам Әлиев: «Баку мен Жерорта теңізінің Джейхан порты арасында шамамен 2 мың шақырымдық құбыр салғаннан кейін, барлығы Әзірбайжанның күмәннің күлін көкке шашқанын көретін болады».
Жоба басталған кезде, Әзірбайжан қазіргідей қуатты емес еді, ол көп жағынан сыртқы қаржылық қолдауға тәуелді болды. Осыған қарамастан, жоба сәтті аяқталды.
Оңтүстік газ дәлізі туралы айтатын болсақ, бұл бұдан да үлкен жоба. 7 мемлекетті қамтыған 40 миллиард долларлық бұл жобаға шамамен 10 халықаралық банк, көптеген компаниялар қатысады. «Бұл жобаны біз бастадық. Ресурстардың көлеміне, құбыр құрылысына, техникалық қиындықтарға, қаржылық жағдайға және басқа мәселелерге қатысты көп күмәнді пікір болды. Бірақ егер мұны бастасақ, демек оны орындаймыз. Енді аталған жоба аяқталды деп айтуға болады. Сондықтан біз күмәнді көзқарасқа сөзбен емес, қабылданған қадамдармен және атқарылған жұмыстармен жауап беруіміз керек », — деді Әзірбайжан Президенті сұхбатында.
Бүгінде күмән шақырғандар үнсіз қалды. Атап айтқанда, Оңтүстік газ дәлізінің бөлігі саналатын, Еуропамен жалғасатын TANAP газ құбырының учаскесінің ашылуы Әзірбайжанның беріктігі мен қайсарлығын тағы бір көрсетті.
Жалпы, Әзірбайжан бастаған немесе оның қатысуымен жүзеге асырылған барлық жобалар орындалды.
Екі жыл бұрын Бакуде Түркия мен Әзірбайжанды, Орта Азия мен Қытайды байланыстыратын Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі ашылды. Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасында жылдам әрі тиімді сауда байланысын орнату мақсатымен тағы бір маңызды жобаны — Әзірбайжан арқылы өтетін Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің учаскесін құру аяқталды деп айтуға болады.
Әзірбайжан ұйымдастырған маңызды халықаралық іс-шаралар қарсаңында күмәнді әрі бейтарап көзқарастар көп болды. Мұндай адамдарға жауап қайтадан табысты жұмыс пен сәтті нәтижеден көрінді. Бұл тізім өте кең және көп өлшемді: Бүкіләлемдік мәдениетаралық диалог форумы, БҰҰ Өркениеттер альянсының ғаламдық форумы, әлемнің дін көшбасшыларының саммиті, сондай-ақ бірінші Еуропалық ойындар, IV Ислам ынтымақтастық ұйымы, Формула 1 жарыстары …
Тақырыпты қорытындылай келе, жақында Бакуде жоғары деңгейде ұйымдастырылған Қосылмау қозғалысының саммиті әлемде үлкен резонанс тудырғанын және күмәншылдар мен оң ниет танытпайтындар үшін тағы бір маңызды жауап болғанын атап өткім келеді.
Орынды әрі уақытында айтылған сөз
Соңғы 16 жыл ішінде біз бірқатар халықаралық мінберлерден Президентіміздің сөйлеген сөздерінің терең қисындылығына негізделген батыл қадамдардың куәсі болдық. Ильхам Әлиев қосарланған стандарттарды батыл сынға алады және ұлттық мүдделерді қатаң қорғайды. Көшбасшының табандылығы мен ерік-жігерінің нәтижесінде Әзірбайжан, тіпті ең қиын жағдайда да, ешкімге бас имейді, өзінің ұстанымын батыл және ашық білдіреді.
Орындалған және уақытында айтылған сөз, әрине, анағұрлым тартымды, тиімдірек. Алысқа барудың қажеті жоқ, жақында болған екі оқиғаны еске алыңыз. Армения премьер-министрі Пашинян Таулы Қарабақтың иелігі туралы мағынасы түсініксіз ойлар айтты. Әзірбайжан Президенті оған жауап беруге асықпады, ол дәл сәтті күтті.
Мұндай сәт ақыры келді. Ильхам Әлиев Ресейдегі «Валдай» пікірталас клубының мінберінен: «Қарабақ — бұл Әзірбайжан және леп белгісі», — деді. Беделі басым мінберден естілген бұл сөздер бүкіл әлемге тарады. Қарабақтың Әзірбайжанға тиесілі екендігі баршаға тағы да белгілі болды. Әзірбайжан лидері қақтығысқа қатысты өзінің әділ ұстанымынан таймайды.
Армения билігінің теріс пиғылды басшылығының жолын қиған кезекті мәлімдеме бірнеше күн өткеннен кейін Ашхабадта ТМД мемлекет басшыларының саммитінде айтылды. Әзірбайжан Президенті Арменияда ұлтшылдың серігі болған Гарегин Нждеге орнатылған ескерткішке назар аударды. Ол ТМД-да фашистерге ескерткіштер тұрғызуға жол берілмейтінін, Еревандағы ескерткішті бөлшектеу керектігін алға тартты. Ильхам Әлиевтің бұл пікірі төңірегінде пікірталастар әлі де жалғасуда, Армения басшылығының ұстанымдары айыпталды.
Әлемде күн санап өсіп келе жатқан исламифобияны қатты сынға алған Ильхам Әлиев мұсылман және исламдық ынтымақтастыққа деген табанды үндеулері үшін де есте қалды. Бұл туралы оның соңғы сөздерінің бірі ерекше қабылданды: «Мен бірнеше рет мұсылман елдеріне жүгіндім. Ашық сөйлеп, былай деп үн қаттым: сендер Арменияға қалай құшақ ашасыңдар? Олардың көшбасшыларын қалай шақырасыңдар? Олардың біздің мешіттерімізді жермен жексен еткенін көрмей тұрсыздар ма? Қараңыздар – суреттері бар — Агдам мешітін, Шуша мешіттерін, басқа басып алынған жерлердегі мешіттерді неге айналдырған? Бұған қалай көз жұмып қарауға болады?».
Революциялық реформалар және «ASAN xidmət» бренд жобасы
Бүгінгі таңда әлем Ильхам Әлиевті президент-реформатор ретінде біледі және қабылдайды. Дүниежүзілік банктің Doing Business-2020 есебінде Әзірбайжан ең реформаланған 20 елдің қатарына енді. Давос Дүниежүзілік Экономикалық Форумының есебінде біздің мемлекет ұзақ мерзімді үкіметтік стратегия бойынша 10-шы, реформалардың бағыты бойынша 5-ші орында.
Әзірбайжан азаматтары ел басшылығының саналы таңдауы саналатын реформалардың тікелей куәгерлері, олар өздерінің күнделікті өмірінде мұның оң нәтижелерін сезінеді. Өткен жылы реформалар терең, революциялық сипат алды. Мемлекет басшысы оларды 2018 жылғы сәуірде президенттік сайлау қарсаңында жариялады: «Болашақта басты міндет тағы да басқаруды жетілдіру, қызметіміздің тиімділігін арттыру, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және экономиканы әртараптандыру болады».
Баку мемлекеттік университетінің 100 жылдығында сөйлеген сөзінде реформалардың маңыздылығына тоқталған Президент Ильхам Әлиев бұл салада бұдан да маңызды қадамдар жасалатынын айтты. Біраз уақыттан кейін мемлекеттік басқару жүйесінде келесі түбегейлі реформалар мен кадрлық өзгерістер болды. Осыдан кейін V шақырылымдағы Милли Мәжіліс таратылып, жаңа парламенттік сайлау тағайындалды.
Әрбір реформа халықтың дамуы мен әл-ауқатына қызмет етеді және бұл айқын. Тек бір фактіні қарастыру жеткілікті: жақында жүргізілген экономикалық реформалардың нәтижесінде бюджетке осы жылдың он айында ғана 850 миллион манаттан астам қосымша кіріс түсті. Бұл қаражат әлеуметтік салаға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Іске асырылған үлкен әлеуметтік пакет 4,2 миллионнан астам адамның бюджетіне оң әсер етті. Ең төменгі жалақы екі есе, ал ең төменгі зейнетақы — 70 пайыз ұлғайды. Ішкі мигранттарға берілетін жәрдемақылардың айтарлықтай өсуі байқалды.
Назар аударатын тағы бір мәселе: Президенттің өзі әлемде үлкен қызығушылықпен қабылданатын жан-жақты реформалардың бастамашысы. Ильхам Әлиевтің маңызды бастамаларының бірі — «ASAN xidmət» — Әзірбайжанның зияткерлік бренді ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа, бюрократияға, халық күнделікті байланыста болатын қызмет көрсету саласына тосқауыл қоюға жол бермейтін «ASAN xidmət» қызметі — бұл қарапайым жоба емес, бүкіл елде саналы түрде революциялық өзгерістер тудыратын азаматтардың көңілінен шыққан түбегейлі реформа. Соңғы сауалнамалар бойынша азаматтардың 99,4 пайызы бұл қызметке қанағаттанатындарын айтқан.
Бүгінде желісі біртіндеп кеңейіп келе жатқан «ASAN xidmət» ызмет көрсету орталықтарына 34 миллионнан астам қоңырау түсті. Қанағаттану деңгейі де, сұраныстар саны да жобаның тиімділігін көрсетеді.
Отбасы ошағы және табысқа жол
Президент Ильхам Әлиев сұхбатында бос уақытын отбасымен өткізетінін, өмірден қуат алатынын айтты. «Мен жұмысқа қуанышпен барып, үйге қуанышпен оралатын адаммын», — деді ол.
Ильхам Әлиев пен Мехрибан Ханым ұзақ жылдар бірге өмір сүрді. Бірінші ханым Мехрибан Әлиева Әзірбайжанның қоғамдық-саяси, мәдени өмірінде белсенді рөл атқарады, жоғары парасатты, ұстанымы бар және мейірімді жан, халықтың үлкен сүйіспеншілігі мен жанашырлығына ие. Мехрибан ханым 15 жыл басқарған Гейдар Әлиев Қоры өзінің маңызды бағдарламалары, ауқымды жобаларымен еліміздің дамуына қомақты үлес қосады. Осы жылдар ішінде «Әзірбайжанның жаңаруы — жаңа мектеп» бағдарламасы бойынша үш мыңнан астам мектеп күрделі жөндеуден өтті. Қордың қолдауымен және желісі арқылы мыңдаған адамдар емделді. Қор сонымен қатар біздің материалдық және рухани мұрамызды сақтауда айрықша рөл атқарады. Сондықтан Мехрибан Әлиеваның бірінші вице-президент болып тағайындалуы атқарылған жұмыстың қисынды нәтижесі ретінде мақұлданды. Мехрибан Ханым Президенттің жақын одақтасы. Өзіне бірінші ханым ретінде жүктелген миссияның жауапкершілігін терең сезіне отырып, ол мемлекет басшысына ел үшін маңызды мәселелерді шешуде үлкен қолдау көрсетеді. Ол үкіметте жұмыс істейтіндердің барлығына күнделікті қызметінде қайырымдылық, мейірімділік, өзара құрмет сияқты рухани құндылықтарды басшылыққа алу керек деп санайды, тек осы жағдайда сіз ең айқын жеңістерге жетіп, биік шыңдарға көтеріле аласыз дейді ол.
Менің ойымша, Ильхам Әлиевтің сәттілікке жету жолы дәл мінсіз отбасы ошағынан басталады. Ол біздің заманымыздың көрнекті саяси қайраткерлерінің бірі Гейдар Әлиев пен көрнекті ғалым Зарифа Әлиеваның отбасында өсіп, олардан тәлім алды. Кейіннен тағдыр оны Мехрибан Ханым сияқты сезімтал жан мен бай рухани әлемі бар асыл әйелге жолықтырды. Олардың көзқарастары сәйкес келеді, бірін-бірі толықтырады және бұл Әзірбайжанның жетістігін анықтайтын факторлардың бірі. Бірінші вице-президент Мехрибан Әлиеваның осы жылдың қараша айында Мәскеуге сәтті сапары, Ресей президенті Владимир Путинмен және премьер-министр Дмитрий Медведевпен келіссөздер оның халықаралық беделінің көрсеткіші ретінде назар аударды.
Өз заманындағы ұлы көшбасшы кезең-кезеңімен өз тәжірибесін өзінің ізбасарына берді, оған осы жағдайда қалай әрекет етуді үйретті. Нәтижесінде, ХХІ ғасырдағы Әзірбайжанның жаңа көшбасшысы Ильхам Әлиев өзінің дәуірінен, өз заманынан бұрын мықты мінезі бар мықты тұлға ретінде қалыптасты және бұл біздің Президентіміздің ішкі және сыртқы саясаттағы әр қадамынан көрінеді. Ол проблемалы аймақта орналасқан Әзірбайжанды қауіпсіздік аралына, әлемдегі беделге ие заманауи экономикасы бар елге айналдырды. Атап айтқанда TANAP ұлтаралық жобасын іске асыру Президент Ильхам Әлиевтің абыройын арттырды. Оның басшылығы туралы соңғы айда ғана айтылған ойларға назар аударайық.
Түркия президенті Тайып Реджеп Ердоған: TANAP жобасын жүзеге асыруда менің ағам Ильхам Әлиевтің басшылығын ұмытпауымыз керек.
Грузия Президенті Саломе Зурабишвили: Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің TANAP жобасын жүзеге асырудағы сіңірген еңбектері баға жетпес. Ол біздің заманымыздың ең табысты көшбасшыларының бірі.
Иордания королі II Абдолла: Сіз халықаралық аренада өте маңызды рөл атқарасыз. Сізге аймақтағы және әлемдегі рөліңіз үшін алғысымды білдіремін. Мен әрқашан сіздің басшылығыңызға, біздің елге деген ізгі ниетіңіз бен қолдауыңызға сенемін.
Әлем басшыларының мұндай сөздерін есту өте жағымды. Біздің халқымыз және әрбір ризашылық білдіретін әзірбайжандық өз заманының ең табысты көшбасшыларының бірі, халықаралық аренада маңызды рөл атқаратын өзінің Президентін мақтан тұтады. 16 жыл бұрын басталған жеңіс жолы Әзірбайжанды биіктен биікке самғатты.
Аслан Асланов, АЗЕРТАДЖ Басқармасының төрағасы, OANA-0- вице-президенті.