Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың басшылық құрамын қалыптастыру аясында Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын Құрылтай төрағасы қызметіне ұсынды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын қалыптастыру үшін бірқатар рәсім өткізу қажет екенін айтты. Алдымен Құрылтайдың басшылық құрамы сайланып, оның құрылымы бекітілуі тиіс.
«Жоғарыда атап өттім, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін біз бірқатар рәсімді өткізуіміз керек. Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұдан кейін жаңа билік институттарын қалыптастырудың келесі кезеңдері қалай жүзеге асатынын да түсіндірді.
Ата заңға сәйкес, жаңадан сайланған Құрылтай алдында Үкімет өз өкілеттігін тоқтатуы тиіс.
«Ата заңға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін. Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын. Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын. Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
