Қарашығанақ кен орнын игеріп отырған ірі мұнай-газ операторлары, оның ішінде Eni мен Shell басқаратын консорциум халықаралық арбитражда жеңіліп, Қазақстан үкіметіне 4 млрд АҚШ долларына дейін өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg дереккөзі мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Агенттік мәліметінше, арбитраж процесі жабық режимде өткендіктен, аты-жөнін жарияламауды сұраған дереккөздер сот шешімі консорциумды Қазақстан пайдасына жауапты деп танығанын растаған. Алайда өтемақының нақты көлемі әзірге белгіленбеген. Сондай-ақ Қарашығанақ жобасының серіктестері бұл шешімге шағым түсіруі мүмкін екені айтылды.
Арбитраж шешімі Қазақстан үшін ішінара жеңіс саналады. Өйткені ресми Астана бастапқыда операторлардан 6 млрд доллардан астам қаражат өндіруді талап еткен. Дереккөздердің айтуынша, трибунал Қазақстан үкіметінің уәждерін негізді деп танып, компаниялардың өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) аясында мемлекет есебінен бекітілмеген артық шығындар мен өтелмеуге тиіс өзге де шығыстарды жапқанын мойындаған.
Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы заң кеңесшілерінің бағалауынша, арбитраж шешіміне сәйкес Қарашығанақ жобасының серіктестері – Chevron, Lukoil және ҚазМұнайГаз – 2–4 млрд доллар аралығындағы қаражатты қайтаруға тиіс. Бұл қаржы өнімді бөлу туралы келісімдегі мұнайды үлестіру формуласына өзгеріс енгізу арқылы өтелмек.
Дереккөздердің мәлімдеуінше, арбитраж мұнай компанияларының талап қою мерзімі өтіп кеткен деген уәжбен істі ішінара тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Трибунал отырыстары Лондон қаласында өтіп, іс Стокгольм арбитраж ережелері негізінде қаралған.
