Қонаевта жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Қонаев қаласында 11–12 желтоқсанға қараған түні соққан қатты жел салдарынан бірқатар тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатырлары бүлініп, көше жарықтандыру тіректерінің жұмысы істен шықты. Жел екпіні секундына 25 метрден асқан.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сай («Азаматтық қорғау туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдар), қала әкімі табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. 17 желтоқсаннан бастап Қонаевта ТЖ режимі ресми түрде күшіне енді.
Зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін төтенше жағдайларға арналған резерв қаражаты тартылмақ.
11 желтоқсаннан бері коммуналдық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда қаладағы ахуал тұрақты: электр, су және жылумен жабдықтау жүйелері қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда.
