Түркістан облысында қарт әкесін қорлаған ер адам сотта елден кешірім сұрады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жетісай аудандық сотында әкесін ұрды деген күдікке ілінген ер адамның ісі аяқталуға жақындады. 15 қаңтарда айыпталушы соңғы сөзін сөйледі.
«Барлығынан кешірім сұраймын. Барлық қазақ халқынан. Өз әрекетіме шын жүректен өкінемін. Туыстарымнан кешірім сұраймын. Ашуға берілдім. Өмір бойы өкінемін. Қателестім. Барлық мұсылман халқынан кешірім сұраймын. Мені түсініп, кешіруін сұраймын. Кінәмді толық мойындаймын», – деді айыпталушы сотта.
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындады. Ол қылмысты есінен танып қалған күйде жасағанын айтты. Садақбаев сотта эмоцияға беріліп, көз жасына ерік берді және жазасын жеңілдетуді сұрады.
Ол өзінің кәмелетке толмаған балалары бар екенін, сондай-ақ отбасындағы жалғыз асыраушы болғанын алға тартты.
Бұл іс бойынша үкім бүгін жариялануы тиіс.
Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінде Түркістан облысында ер адамның өз әкесін балағаттап, қорлап, ұрып-соққан видеосы әлеуметтік желіде тараған еді. Осыдан кейін полиция күдіктіні қамауға алып, оған екі бап бойынша айып таққан.
