Бүгін Тараз қалалық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің мүшелері № 4 аумақтық округ тұрғындары ғасыр жасаған ана Е.Пономаренкоға, тыл еңбеккерлері А.Мадикеновке, В.Локшинаға, А.Марченкоға Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерекелік медальді табыс етті. Тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен ерекше табандылығы, маңдай терінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізді атап өткен қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлерге денсаулық, ашық аспан тіледі.
1941 жылдың маусымында басталып, 5 жылға созылған сұрапыл соғыстың аяқталғанына тура 75 жыл. Жеңіс туын желбіретуге сол кездегі Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан азаматтары қомақты үлес қосты. Бұл соғысқа қазақ жерінен 1 миллион 200 мыңдай адам аттанды. Олардың жартысынан көбі майдан даласынан оралмады. 600-ден астам отандасымыз Кеңес Одағының батыры атанды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында Жеңіс күнін 44 соғыс ардагері қарсы алады. Меркеге орай қала көшелері Жеңіс күніне сай безендірілді. Десе де, Жеңістің 75 жылдығы отшашу, салтанатты шерулерсіз өтеді. Мерекелік іс-шараның барлығы онлайн режимде ұйымдастырылады.
«Жеңіс күні – Ұлы мереке. Әкелеріміз бен аталарымыздың арқасында біз бүгін бейбіт аспан астында өмір сүрудеміз, қуатты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қарап отырмыз. …Бағалап, құрметтей отырып, олардан ерлік, еңбексүйгіштік және бірлікке бекемдікті үйренген жөн» — деген ұлағатты сөздерді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бекер айтқан жоқ. Мемлекет басшысының терең мағыналы ойлары қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы ардагерлері, сол сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлеріміздің рухы және майдан үшін ерен еңбек еткен отандастарымыз алдында ұрпақтық парызымызды парасаттылықпен өтеуге шақырады. Бүгінгі күні ортамыздағы ардагерлердің тек жауынгерлік ерлігі ғана емес, олардың өмірлік өнегесі де қымбат екенін уақыт өткен сайын жете түсінудеміз. Достық, ерлік және бауырластық тәрізді ұлағатты ұғымдарды ардагерлеріміз бейбіт өмір қағидасына айналдырды. Жаңа дәстүр дәнегін жас ұрпаққа сіңдірді.
Қазақстандықтардың бұл соғыстағы жеңістің қандайлық құрбандықпен және ауыр еңбекпен келгенін түсінуін осы дәстүр жалғастығымен байланыстырамыз. Жер мен елді қорғау халқымыздың санасында бірінші санатта тұрған қордалы қасиетіміз болғаны тарихта талай мәрте дәлелденген ұлттық құбылыс. Сондықтан қанша жыл өтсе де халық жадында бұл жеңіс мәңгілік ұмытылмайтын жеңіс деп білеміз және оның тарихи тағлымы бүгінгі ұрпақ – біздер үшін өте қымбат.
Халқымыздың басынан өткен кешегі жаһандық соғыстың тәжірибесі түсінген жанға жеткілікті ой салады. Уақыт алыстаған сайын бұл соғыстың ұлттық қасіреті айқын сезіле түсуде. Соғыс қарсаңында Қазақстанда 6,2 млн. астам халық тұрған. Оның үштен бірі қан майданға алынған. Соның ішінде 18 бен 50-жасқа дейінгілер 70-пайызын құраған. Соғыс зардаптары біздің ел үшін орасан зор болды. Біріншіден, бейбіт өмірде нағыз өнімді еңбек ететін жастағы адами ресурстарымыздан, ал екіншіден, халқымыздың демографиялық өсіміне өте елеулі үлес қосатын азаматтардан айырылдық. Ең үлкен жоғалтқан дүниеміз ұлттың зияткерліктің қарқының тағы да жоғалтып алдық. Бұл санаттағы қарқынға тек 70-жылдардың орта тұсынан бастап қана қайыра іліге бастадық.
Адами тұрғыда соғыс ауыртпашылығы өлшеусіз қымбатқа түсті. Қаншама отбасы ер азаматсыз қалып, тұрмыс тауқыметін тартты. Аналарымыз жастай жесір қалды, бала әкесіз өсті. Тұтастай әулеттің ер азаматтары соғыстан қайтпай қалды. Әкесі мен шешесі баласынан, атасы мен әжесі немересінен,туғанда аға-інісінен, әпкесі мен қарындасынан айрылды. Соғыстың «қара қағаз» бен «хабар-ошарсыз жоғалды» деген суық сөзді хабарын естігендер қайғыға берілмей, елі мен ағайын-туыс және ұрпағы үшін ыстыққа күйді, суыққа тоңды. Бірақ адам шыдағысыз қиындыққа шыдады. Осының бәрі ата-бабаларымыздың тағылымы мен тәжірибесі, азаттық пен бостандыққа деген халықтық құштарлықтан туындады. Өзін-өзі жұбатты, жігерін қайрады, соған қарамастан елдесі мен ағайын-туысына қуат берер жылы сөзбен жұбатау айтты. Тарихтың талай тезінен өткен халықтың өршіл рухты ұрпағына тән мінез көрсетті. Біз елдеміз, олар қан майданда ғой деп тілеу тіледі. Ортамызда қалған ардагерлерімізге деген құрметтің соншалықты ыстық болатыны да сол соғыстың кезінде-ақ басталған халықтық тілеуден өрбіген қасиет. Соғыс ардагерлеріне деген ерекше қамқорлықтың қоғам мен мемлекет тарапынан үздіксіз көрсетілуі соның дәлелі.