Алматыда өзгені бопсалады деген күдікпен ұсталған журналист Владимир Северный екі айға қамауға алынды, оның әйелі Наргиз үйқамақта болады, — деп хабарлайды Tarazy.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылғы 22 сәуірдегі қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылып, күдікті Северный В.-ға қатысты 2023 жылдың 20 маусымына дейін 2 ай мерзімге санкция берілді және қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот шешімімен сотқа дейінгі тергеу органының арызы қанағаттандырусыз қалдырылып, күдікті Северная Н.-ға қатысты екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Еске салсақ, ерлі-зайыптылардың қамауға алынғаны 21 сәуірде белгілі болған еді. Алматы полициясы қаладағы ЖШС бірінің басшысы хабарласып, бопсалау туралы мәлімдегенін хабарлады.
Әлеуметтік желіде ұсталған журналистердің ұлы Ратмир Северный бейнеүндеу жариялап, ата-анасын балаларының көзінше алып кеткенін мәлімдеді.
«Оларды форма киген бірнеше адам мен тергеушілер ұстап әкетті. Ұсталған сәтін бейнетаспаға түсіріп, жеке заттарына тінту жүргізді. Анамды бізбен сөйлеспестен дереу бөлімшеге алып кетті. Әкемді бізбен бірге үйге жеткізіп, алып келген соң әкетті. Оларға өзгені бопсалады деген айып тағылғанын естіп қалдым. Қазір отбасымыздан ешкім олармен байланыса алмай отыр, не телефон соғып, не болып жатқанын біле алмай отырмыз. Өйткені олардың телефондарын тартып алып қойды», — деді Ратмир Северный.
Аталған оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті пікір білдірді.
«Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі белгілі бір ЖШС басшысының арызы бойынша ақша бопсалаған С. тегіндегі ерлі-зайыптының қаражаттың бір бөлігін алу кезінде ұсталғанын хабарлайды. Қазіргі таңда аталған деректің толық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде заңды процессуалдық шешім қабылданады», — делінген ПД хабарламасында.