Жол активтерінің ұлттық сапа орталығында «Жас мамандар» кеңесі құрылып, оның алғашқы бас қосуы Алматы қаласында өтті.
Мұндай кеңестің мақсаты – әр аймақтағы филиалдарда еңбек етіп жүрген жастардың басын қосу, мансабының жоғарлауына жағдай жасау. Сонымен қатар, салаға қажетті кадр дайындау. Себебі еліміз бойынша еңбек нарығында жолшы, инженерлер, зертханалық жұмыспен айналысатын мамандар жетіспейді.
Кеңестің ашылу салтанатына сапа орталығының басшылық құрамы, Алматы қалалық және облыстық филиал басшылары қатысып, жас мамандарға сәттілік тіледі.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК адами ресурстар қызметінің басшысы Әсем Қалидың сөзінше, автожол саласында кадр дайындайтын оқу орындары елімізде жеткілікті. Өкініштісі, түлектердің басым көпшілігі мұндай мамандықтарға түсуге құлық танытпайды. Бүгінгі республикалық семинар-тренинг қызметкерлердің жұмыста маман ретінде ғана емес, жеке дамуына да үлкен мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Айта кетейік, екі күн бойы өтетін кеңестің отырысына еліміздің 17 өңірінен жас қызметкерлер жиналып, өзара пікір алмасты. Мұндай жиындар алдағы уақытта еліміздің басқа қалаларында да жалғасын табады.