Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев 1 қыркүйекте Жамбыл облысының орталығында IKomek 109 іске қосылатынын айтты, – деп хабарлайды Тarazy.kz.
iKomek орталығының алдағы уақытта қызмет жасау мақсаты – түрлі сауалдармен жүгінген тұрғындардың арыз-шағымының 90 пайызын алыстан\қашықтықтан шешіп беру.
«Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде IKomek 109 қаланың коммуналдық қызметтерінің бірыңғай диспетчерлік орталығын құру жұмыстары жүргізілуде.
«Бұл-халықпен кері байланыстың бірыңғай жүйесі – бұл қала тұрғындары үшін әмбебап көмекші. Енді әкімдікке келіп, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Қоңырау шалу немесе хабарлама, сурет жіберу жеткілікті, және сіздің мәселеңізді шешетін болады. Аталған диспетчерлік қызмет Төле би көшесі, №35, 2-ші қабатында 248 шаршы метр аумағында орналасатын болады. Бүгінгі күнге, тиісті ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталықты биыл 1 қыркүйегіне ашу жоспарланып отыр», — деді Тараз әкімі.
Сондай-ақ, қала басшысының айтуынша, тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу жұмыстарына да аса мән берілуде.
«Бұл бағытта Тараз қаласы, «Арай» шағын ауданында 50 гектар жер телімі бөлініп, көп қабатты тұрғын үйде тұратын тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларын жұмыспен қамту мақсатында 833 тұрғынға күнделікті өзін-өзі өсімдік өнімдерімен қамтамасыз ету және артылған өнімді нарыққа ұсыну (сату) үшін көкөніс егуге 0,06 гектар жерден бөліп беру сызбасы дайындалды», — дейді Қайрат Досаев.
Аталмыш 50 гектар жерге қызанақ, қияр, картоп, пияз егу жоспарлануда. Бұл көкөніс түрлерінің шығыны бірдей, яғни тұқым және минералды тыңайтқыштар бағасы бір шамада. Атап айтқанда: 0,06 гектар жерді дайындауға 3000 теңге, тұқым сатып алуға 7500 теңге және минералды тыңайтқыштарға 4200 теңге және басқа да шығындарға (су, электр жүйесі, т.б.) 9000 теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Жылына әр тұрғын өзіне тиесілі 0,06 гектар жерден 1,5 тонна қияр, 1,86 тонна қызанақ, 3,6 тонна пияз, 2,7 тонна көлемінде картоп өнімін алуына болады. Ауыл шаруашылық өнімдерін сақтау үшін 144 шаршы метр ғимарат және шатырларды салу мақсатында жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.