Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында жарты жылдың қорытындысы бойынша 6829 атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев «Әкім сағаты» хабарында айтты, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының биыл 27 ақпандағы тапсырмасына сәйкес Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тетігі 1 сәуірден бастап жаңа форматта жүзеге асырылуда. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде келесі өзгерістер енгізілді: күнкөріс деңгейі 50 пайыздан 70 пайызға дейін өсті, отбасының жиынтық табысын есептеу барысында көпбалалы отбасылар, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы және оқушылар шәкіртақысы есептелмейді.
2019 жылдың 5 сәуірінде Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы Заңға тиісті өзгерістерге қол қойылып, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға 20789 теңгеден, отбасының ересек азаматтарына жиынтық табыспен күнкөріс деңгейінің айырмасы төленуде. Осыған орай атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны күрт өсті.
Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек аумақтық учаскелік комиссисының шешімімен тағайындалып төленуде. Кедейлік деңгейінің 20789 теңгеге көтерілуіне байланысты бүгінге дейін 6829 отбасына 1 миллиард 543 миллион теңге тағайындалып төленді. Сондай-ақ 2380 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылса, 1004 отбасының құжаттарына тексеру жұмыстары жүргізілуде. Масылдыққа жағдай жасамау мақсатында жалған мәлімет ұсынған, табысын жасырған және т.б. мәліметтерді анықтау үшін, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың тұрмыстық жағдайы қайта тексерілуде.
Айта кетейік, бүгінде 541 отбасына тексеру жасалып, нәтижесінде 63 отбасының өтініші қайта қаралып, әртүрлі себептермен (көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны, материалдық жағдайы жақсы, ата-анасымен бірге тұрып жатқан, бірақ өтініште көрсетпеген, бағалы автокөлігі және арнайы техникалары, базарда өзінің жеке кәсібі бар, жалған ақпарат және тағы басқа мәлімет ұсынғаны үшін) 32 миллион 896 мың теңге төлем тоқтатылды. 1 миллионнан аса теңге мемлекет қазынасына өз еркімен қайтарылды, 2 құжаттың материалы сотқа берілді, 132 құжат салық басқармасына, 9 құжат еңбек инспекциясына жіберілді.