Шуда қуаттылығы 100 мегаваттық күн электр стансасы бой көтеруде

0

Жамбыл облысы Шу ауданында бүгінде қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын күн электр стансасының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, – деп хабарлайды Tarazy.kz.

Аталған инвестициялық жобаның жалпы құны – 60 миллиард 737 миллион теңге. Осынау жобаның құрылысын жүргізуді міндеттеріне алған француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» ЖШС-ның бас директоры Илья Чернодаров мұндағы құрылыс жұмыстарының 45 пайызы аяқталып, қажетті жабдықтардың 70 пайызы жеткізілгенін айтады.

«Жалпы, бұл іс кестеге сай жүзеге асырылуда. Барлығы 350-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал нысанды келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында толық іске қоссақ деп отырмыз. Станса аумағы қоршалып, тегістеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Қазір күн панельдеріне арналған тіреуіштерді орнатып жатырмыз. Айта кету керек, панельдер 25 жылға дейін жұмыс істейді. Стансаны аудан аумағында орналастыруымыздың екі бірдей себебі бар. Оның біріншісі – ауданның күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақтардың қатарына жататындығы, екіншісі – мұнда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының орналасқандығы. Осынау 500 гектардан астам аумақты алып жатқан АЭА іске қосылған кезде электр қуатына деген сұраныс жоғарылайтын болады. Сондықтан бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де өте тиімді, – дейді Илья Чернодаров.

Ал аталған серіктестіктің осы жоба бойынша техника қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Еділ Есенқұлов бұл жұмыстар толық аяқталған кезде облыстағы электр қуатына деген тапшылық едәуір азаятынын айтты. Сондай-ақ, халықаралық жобаны жүзеге асыруда Франция, Греция және Бразилия елдері мамандарының да тәжірибелері пайдаланылып жатқанын жеткізді. Мамандардың айтуынша, нысан құрылысының негізгі кезеңінде Шудың өзінен 500-ге тарта азамат жұмысқа тартылады екен.

Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде бүгінде күннен, желден және судан энергия өндіретін 168,7 мегаваттық 10 станса бар екен. Жалпы алғанда облыс орталығындағы тұрғындар сағатына 50-60, ал ауданда шамамен 90 мегаватт электр қуатын тұтынады екен. Алдағы уақытта Шуда бой көтеретін күн электр стансасы тұрғындардың осы қажеттілігі өтелуіне өзіндік  үлесін қосатын болады.

Ел экономикасы дамып, халық саны артқан сайын электр қуатына деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Оны шешудің жолдары да әр алуан. Бұл ретте әлемдегі дамушы мемлекеттер жаңғыртылған энергия көздерін пайдалануды, күннен, желден, судан қуат өндіруді жүзеге асыруда. «Жасыл экономика» болашақтың да энергиясы. Бұл іс біздің елімізде, оның ішінде өңірімізде де кең өрістеуде. Соңғы жылдары облыс көлемінде күннен, желден және судан электр қуатын өндіретін бірқатар нысандар іске қосылды.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.