Таразда «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық конференция өтеді

0

М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында 14-15 қараша күндері Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық конференция өтеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Талас құрылтайының және Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы кеңінен аталып өтілуде. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы М.Қ.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетімен бірлесіп тарихи Тараз жерінде 14-15 қараша күндері «Талас құрылтайы: тарих пен тағлым» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

Алқалы жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Қазақстан, Қырғыз, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия және Ресей мемлекеттерінен танымал ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысады.

Алдымен пленарлық мәжіліс өтіп, мәртебелі меймандар Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығын атап өту және Жошы хан есімін ұлықтау, 1269 жылғы Талас құрылтайы, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғұ білік» туындысының 950 жылдығы жайында орамды ойларын ортаға салады, пайымды пікірлерімен бөліседі деп күтілуде.

Бұдан кейін қатысушылар үш секцияға бөлініп, ғалымдардың маңызды баяндамаларын тыңдап, талқылайды. Бірінші секция Талас құрылтайы мен оның мемлекеттік дәстүрге, елдік санаға ықпалы тақырыбына арналса («Талас құрылтайы: мемлекеттік дәстүр мен елдік сана»), екінші секцияға жиналғандар Алтын Орда мемлекетінің мирасы мен тарихына жаңаша көзқарастар мен бағыттарды отырысқа арқау етті («Алтын Орда тарихы мен мирасы: жаңаша көзқарастар мен бағыттар»).

Сонымен қатар, «Түркі әлемінің әлеуметтік ой тарихындағы «Құтадғұ Білік» деп аталатын үшінші секция түркі дүниесінің ортақ мұрасы Ж.Баласағұнның «Құтадғұ білік» кітабының 950 жылдығына арналады.

Конференцияның екінші күні қатысушылар мен қонақтар тарихи Тараз жеріндегі Қарахан баба, Дәуітбек, Айша бибі және Бабаджа хатун кесенелерін аралап, Ерте ислам дәуірі мешітімен және «Көне тараз» тарихи-мәдени орталығымен танысады деп күтілуде.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.