Таразда биыл 96 көшеге асфальт төселеді

0

Тараз қаласында былтыр жылу құбырларын ауыстыру кезінде қазылған жолдар тұрғындардың наразылығын, автокөлік қозғалысының қолайсыздығын тудырған болатын. Бүгінде сол көшелерді асфальттау жұмыстары қолға алынды.

Өткен жылдың еншісінен қалған Абай даңғылы, Қойгелді және Байзақ батыр көшелерімен алдағы аптада еркін жүйткуге жол ашылады. Күні бүгін қажет техникалар жеткізіліп, алғашқы жұмыстар басталып кетті.

Облыс әкімі адам аяғы азайған карантин кезінде жол жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырған болатын. Жалпы 2020 жылы қала бойынша қаланың 90 км жолын жөндеу бойынша 100 жоба жүзеге асырылады. Бұл деген сөз – 96 көше (81 км), Б.Момышұлы, Абай даңғылы, Желтоқсан-Қазыбек би, Қойгелді-Қонаев көшелері бойында жаяу жүргіншілер жолағы салынады деген сөз. Астын сызып айта кетер жайт, айтылған көшелердің 80 пайызында бұрын-соңды асфальт болмаған.

Айта кету керек, Төле би даңғылы-Ташкент көшесі аралығындағы Байзақ батыр көшесінің бір шақырымында жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бүгін бұл көшеге «Ая-Сервис» ЖШС-нің техникалары түсіп, жол жабындысын жөндеу ісін бастап кетті. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев жөндеу жұмыстарының барысын бақылап, мердігерге бітірер мерзімін белгілеп берді.

Тараз қаласы күн санап түрленіп, сәулеттік келбеті артып келеді. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар көшелерінің жол жабындыларын қалпына келтіру де бүгінде өзекті мәселелердің бірі. Былтыр коммуналдық меншікте ұзындығы 996 шақырым құрайтын барлығы 576 көше тіркелсе, түгендеу жұмыстары барысында 1531 шақырымды құрайтын 1330 көше анықталып отыр.

Сондай-ақ, қаладағы көше жабындыларын реттеу үшін арнайы үш жылдық Жол картасы да бекітілген болатын. Картаға сәйкес, бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары сияқты әлеуметтік нысандар орналасқан және қоғамдық көліктер қатынайтын, инженерлік жүйелермен толығымен қамтылған, көшелер жөнделу көзделуде.

Бұл бағытта 2019 жылы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100,0 миллион теңге бөлініп, 22000 шаршы метрді құрайтын қоғамдық көлікпен қамтылған 86 көшені қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 8900 шаршы метрінде, яғни 36 көшеде нақты жұмыстар атқарылды. Қалған жұмыстар ағымдағы жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, қаладағы 29 жоба бойынша ұзындығы 75 шақырымды құрайтын 148 көшеге құны 1,5 миллиард теңге болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.