Жамбыл облысы аумағындағы қолданыстағы шектеу шараларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

0

2020 жылдың 31 наурызынан бастап Жамбыл облысы аумағында енгізілген  шектеу шараларына қоғам, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ұсынысы бойынша енгізілген толықтырулар мен өзгертулер:

1) Облыс пен Тараз қаласының аумағына (аумағынан) төмендегі жағдайлардан бөлек көліктер мен жолаушылардың кіруіне және шығуына тыйым салынады:

– транзиттік көлік құралдары;

– емделуге жіберілген адамдар (қолында медицина ұйымдарының анықтамасы немесе жекеменшік емхананың шақыруы болған жағдайда);

– облыс пен Тараз қаласында тұрақты жұмыс істейтін, қолында жеке куәлігі, жұмыс беруші немесе жергілікті атқарушы орган тарапынан берілген тиісті құжаттары (жұмыс орнынан 2020 жылдың 30 наурызынан кейін берілген анықтама)  бар адамдар;

– Жамбыл облысында уақытша немесе тұрақты тіркеуде тұрған, бұған дейін одан тыс жерлерге шыққан және тұрғылықты жеріне кері қайтып келе жатқан азаматтар;

– бірінші қажеттілік тауарларын (Тамақ өнімдері, дәрілік заттар және медициналық бұйымдар, шикізат, жабдықтар және басқа да тауарлық-материалдық құндылықтар (құрылыс материалдары, тұқымдар, тыңайтқыштар, гербицидтер, техника мен жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектер) құрылыс ұйымдарының, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мұқтаждықтары үшін тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасы;

– құрылысқа және жөндеу жұмыстарына (арық, су қоймаларының құрылысы) қажетті арнайы техникалар жұмыс беруші немесе жергілікті атқарушы орган тарапынан берілген тиісті құжаттары (жұмыс орнынан 2020 жылдың 30 наурызынан кейін берілген анықтама)  бар жағдайда;

– жұмыс беруші немесе жергілікті атқарушы орган берген растайтын құжаттары (жұмыс орнынан 2020 жылдың 30 наурызынан кейін берілген анықтама) болған жағдайда суару жүйелерін (каналдар, су қоймалары және басқалар) салу, қалпына келтіру және жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған арнайы техникалар;

– жедел-құтқару және коммуналдық қызметтердің, медициналық ұйымдардың, барлық меншік нысанындағы медициналық зертханалардың, құқық тәртібі және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы органдарының, облыстың, қаланың және ауданның жергілікті атқарушы органдары айқындаған мемлекеттік және өзге де органдардың автокөлік құралдары;

– Жергілікті атқарушы органдар берген рұқсаты бар автокөліктер мен тұлғалар (рұқсат беру және оның мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік рұқсат берген жергілікті атқарушы органға жүктеледі).

  1. Қаржы ұйымдарын (банктер, микрокредиттік ұйымдар, ломбардтар) қоспағанда, халыққа қызмет көрсету жөніндегі барлық нысандардың қызметі тоқтатыла тұрады. Оның ішінде:

– мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар;

– балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу, дене тәрбиесі және шығармашылық қабілеттерін дамыту бойынша нысандар (қосымша білім беру мекемелері), балалар мен жастар шығармашылық орталықтары, музыкалық, спорт және көркемөнер мектептері, балалар мен жасөспірімдер орталықтары, аула клубтары, жас натуралистер станциялары, оқу-өндірістік комбинаттар және басқа да мектептен тыс ұйымдар мен меншік нысанына қарамастан басқа да оқыту мекемелері;

– балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдерді (аяқ киім, киім, ойыншықтар) сақтау және сату объектілері;

–  азық-түлік емес тауар сататын орындар, оның ішінде үйден ашылған дүкендердің жұмысын, мал азығын дайындайтын орындарды қоспағанда

– компьютерлер (дербес компьютерлер, планшеттік дербес компьютерлер, ноутбуктер) және бейнетерминалдар (компьютерлік клубтар) және басқа да ойын-сауық объектілері арқылы халыққа қызмет көрсету нысандары;

– сауда орталықтары (олардағы азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды қоспағанда);

– саябақтар;

– ветеринариялық дәріханалар мен клиникаларды қоспағанда, зоодүкендер;

– фотосалондар;

– оптика дүкендері;

– азық-түлік емес дүкендері,  жеткізіп беру немесе тұтыныушының дүкенге бармай-ақ тауарларды алып кету қызметін қоспағанда;

– өзіне-өзі қызмет көрсету көлік жууды қоспағанда, көлікжуу;

– монша кешендері (оның ішінде жеке кабинкалар), санаторий-курорттық объектілер, сұлулық салондары, шаштараз, сауна және массаж кабинеттері;

– бильярд залдары, интернет-клубтар, ойын залдары, боулинг-орталықтар, букмекерлік кеңселер, лото, спорт кешендері (үйірмелер, секциялар), футбол алаңдары;

– автокөлік құралдарын, азық-түлік емес, киім-кешек, құрылыс тауарларын, мал базарларын сату объектілері;

– азық-түлік тауарларының жәрмеңкелері;

– той салондары, салтанат залдары, қонақ үйлер;

– тауарларды жеткізу арқылы сату мүмкіндігін сақтай отырып, ұялы (ұялы) телефондарды сату және жөндеу бойынша дүкендер;

– Қысқа мерзімді жөндеу, шиномонтаж және май ауыстыру үшін жеке тұрған бокстарды (екіден көп емес) қоспағанда, техникалық қызмет көрсету станциялары.

  1. Бөлшек сауда базарлары санитарлық-дезинфекциялық режимді міндетті түрде сақтай отырып, сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейтін болады (күніне екі рет дезинфекциялық іс-шаралар өткізу, антисептикалық санитайзерлер орнату);
  2. Көтерме азық-түлік қоймалары мен базарлар, супермаркеттер, азық-түлік сауда орындары, үй жанындағы дүкендер мен дәріханалар қалыпты режимде жұмысын жалғастырады;
  3. Қоғамдық тамақтану объектілеріне (кафелер, мейрамханалар, барлар, асханалар, тандыр және таба нан цехтары, тез арада тамақ дайындау объектілері және басқалар) тапсырыстарды шығару және жеткізу қызметін қоспағанда, жұмысты тоқтата тұру және азаматтардың осындай нысандардың үй-жайларына бармай-ақ, әдеттегі режимде тапсырыстарды шығару және жеткізу.
  4. Жамбыл облысының тұрғындарына азық-түлік, бірінші қажеттілік заттарын, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдарды сатып алу, медициналық көмекке жүгіну, сондай-ақ күтпеген ТЖ және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайларды қоспағанда, аса қажетсіз болмаған жағдайда тұрғын үйден шығуды шектеу ұсынылады.;
  5. Темір жол бекеті мен әуежайдың жұмысына төмендегідей шектеулер енгізіледі:

– Жамбыл облысында тұратын, бұған дейін одан тыс жерлерге кеткен, тұрғылықты жеріне қайтып келген адамдарды қоспағанда, жолаушыларды перронда поездардан түсіруге тыйым салу;

– пайдаланылмаған жол жүру құжаттарын қайтаратын тұлғалардан басқа, темір жол вокзалдарының ғимаратына бөгде адамдардың (шығарып салушылар, қарсы алушылар, жеке тасымалдаумен айналысатын адамдар) кіруіне тыйым салу;

– темір жол бекеттері аумағындағы барлық сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтану орындарының қызметін тоқтату;

– санитарлық-дезинфекциялау режимін міндетті түрде сақтауды қамтамасыз ету;

– темір жол кәсіпорындарының ғимараттары мен өндірістік нысандарына кәсіпорындардың қызметіне қатысы жоқ бөгде адамдардың кіруіне тыйым салу.

Отбасы мүшелерін қоспағанда, адамдардың үш адамнан артық топталып жүруін шектеу қажет. Кәмелетке толмағандардың ересек адамның еріп жүруінсіз жүруіне тыйым салынады. 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау қажет;

Жерлеу шаралары 10 адамнан аспайтын адамның қатысуымен өткізу ұсынылады.

Облыс тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін полицейлердің, медициналық, авариялық-құтқару және басқа да коммуналдық және шұғыл қызметтердің (жылумен-газбен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету, энергетика және т.б.) қызметі шектелмейді.

Сонымен қатар, Қордай ауданының аумағында коронавирустық инфекцияның бұған дейін анықталған жағдайларына байланысты қосымша шектеу шаралары енгізіледі.

1) Төмендегі жағдайларды қоспағанда, Қордай ауданының елді мекендері арасында халықтың, оның ішінде қоғамдық көліктің қозғалуын 22.00 сағаттан 7.00 сағатқа дейін шектеу:

– жұмыс орнынан анықтама немесе қызметтік куәлігі болған кезде ғана тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүріп-тұру;

– шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге жүгіну;

– үй малын жаю;

– күтпеген ТЖ және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайлар болған жағдайда үйден шығу;

2) аудан тұрғындарына туысқандарына, таныстарына, көршілеріне, әріптестеріне және т. б. баруға жол берілмейді; 

3) шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде транзиттік жүк автокөліктерін, сондай-ақ Жамбыл облысының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін және тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар және медициналық бұйымдар, өндірістік тауарлар және материалдары бар автокөлікті қоспағанда, автокөліктің барлық түрлерінің сағат 19.00-ден 10.00-ге дейін кіруіне тыйым салынады;

4) коронавирустық инфекцияның болуына қатысты зертханалық тексеру нәтижелерін алғанға дейін Қазақстан Республикасының аумағына келетін азаматтарды бір күндік стационарлық карантинге міндетті түрде орналастыру енгізіледі.

5) сондай-ақ ауданда қоғамдық көлік пен такси қозғалысы шектеледі;

6) Қордай ауданының аумағына (аумағынан) төмендегі жағдаларды қоспағанда  сағат 19:00-ден 7:00-ге дейін автокөлік құралдарының кіруіне және шығуына шектеу енгізіледі:

– транзиттік жүк автокөлігі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бар жүк автокөлігі және тіршілік әрекетін қамтамасыз ету қызметтері;

– шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге шығу;

 – тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін жүріп-тұру және кері қайту жағдайында жұмыс орнынан анықтама немесе қызметтік куәлігінің болуы.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.