Таразда жаңа екі мектеп, үш спорт кешені салынады

0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Тараз қаласын дамыту бойынша қала активімен кездесуінде облыс орталығында 2 жаңа мектеп, 3 спорт кешені салынатыны айтылды. Кездесуге мәслихат депутаттары, ұлттық палата, қоғамдық бірлестіктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Корановирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл аясында қауіпсіздік шараларын сақталуына байланысты жиналысқа қатысушылар құрамы барынша сараланған. Дегенмен, облыс орталығының дамуына қатысты маңызды тұлғалар мүмкіндігінше қамтылды.

Басқосуда Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығының тұрғындарының барлық қол жетімді байланыс арналары, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы түскен хабарламаларында ескертілген көптеген кемшіліктерге қатысты жауап беруге мәжбүр болды.

Қала тұрғындары қалалық қызметтер мен тікелей Тараз әкімдігінің жұмысына байланысты 16 мыңнан астам өтініш жолдаған. Әлеуметтік желілерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына қалалық әкімдіктің қызметіне қатысты 178 өтініш келіп түссе, олардың 33-і ғана орындалды. Тұрғындарды негізінен қоғамдық көлік жұмысының нашарлығы, автобус аялдамаларының жай-күйі, жол жамылғысы, қоқыстың, ашық люктердің көптігі, ағаштарды заңсыз кесу және тағы басқа осы секілді мәселелер толғандыруда.

Айта кетейік, ағымдағы жылға арналған жоспар ауқымды. Екі жаңа мектеп, үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 54 көппәтерлі тұрғын үй, 88 шақырым жол мен тротуарлар жөнделмек. Балалар және футбол алаңдары бар 165 аула ретке келтіріледі, онкологиялық аурухананың, Құмшағал және Шалғай Қарасу алқаптарына газ және су құбырларын тарту жұмыстары жалғасын табады. Нәтижесінде кемінде алты мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. 168 нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстарына қажетті 45,9 миллиард теңге бөлінді.

Бердібек Сапарбаев атап өткендей, жалпы облыс бойынша түрлі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалмауы Тараз қаласы әкімдігінің қызметімен байланысты болып отыр. Оған мысал ретінде бюджеттік салық түсімдерінің қысқарғанын атап өтуге болады.

– Қалалықтар өздерін толғандырған мәселелерін шешіп беруді өтініп облыстық әкімдікке қоңырау шалып, әлеуметтік желілер арқылы дабыл қағуда. Себебі ұйымдастыру жұмыстары әлсіз, тиісті бақылау жоқ, – деді аймақ басшысы.

Жолаушылар көлігінің тұрақсыз қозғалысы, ескі және тар автобустардың лас және ыңғайсыз салондары, жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетсіздігі қала тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан басты мәселелерінің бірі.

– Тараз қаласының әкіміне адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, маршруттарды жүйелендіру, жаңа, сыйымды автобустар сатып алу мәселесін шешу, электронды билеттендіру мен GPS-бақылауды енгізу бойынша тапсырмалар жүктелген болатын. Өкінішке орай, әлі күнге бірде – бір тапсырма орындалмады, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Тағы бір мәселе – Тараздың Абай, Қойгелді, Бейбітшілік және басқа да орталық көшелеріне қатысты болып отыр. Оларды жөндеу жұмыстары наурыз айында басталу керек болғанымен, жоспар орындалмаған. Оған не кедергі болғаны белгісіз.

– Тараз әкімдігі қалғып отырады, қашан оянатыны белгісіз, – деді Бердібек Сапарбаев. Облыс әкімінің сөздері шұңқырлар, арық-жыралар бейнеленген слайдтармен сүйемелденді.

Облыс орталығын санитарлық тазалау жұмыстары да сын көтермейді, қаланың әр бұрыштарында қоқыс үйінділері жиналып қалған.
Айтқазы Қарабалаев тараздықтар карантин кезінде үйде отырып, қалдықтарды көп шығарып жатқандығын айтып ақталуға тырысты.

– Мұндай жағдайда тиісті қызметтердің тасымал санын арттыру керек, қоқыс контейнерлерін жиі тазалап отыру керек, – деді аймақ басшысы.

– Күн сайын бізге ашық люктерге қатысты 5-6 хабарлама түседі. Оған кез келген уақытта, әсіресе түнде бала да, ересек адам да құлап кетуі мүмкін. Мұндай салғырттық адам өліміне әкеліп соқпасына кім кепіл, – деп жалғастырды өз сөзін Бердібек Сапарбаев.

Бұл мәселені шешу үшін көп ақша қажет емес, бірақ тиісті құрылымдардың оған мойны жар берер емес.

Тағы бір мәселе – бой көтеріп жатқан көппәтерлі үйлердің сыртқы келбеті. Мердігерлер өз қателіктерін түзетуге асығар емес. Құрылыс сапасын бақылауға арналған мемлекеттік органдар қайда қарап отыр? Кейбір үйлерде әлі күнге дейін газ бен су жоқ. Мұндай жағдайда адамдар қалай тіршілік кешеді? Бердібек Сапарбаевтің осы секілді көптеген сауалдарына нақты жауаптар берілген жоқ.

Қалалық билік Тараз қаласының орталығына таяу маңдағы сақалды құрылыс мәселелерін әлі күнге шеше алмай отыр. Құрылысы тоқтап тұрған нысандардың иелеріне өз міндеттемелерін орындау бойынша тиісті шараларды қабылдауға неге қауқарсыз?

– Қызыл сызыққа қатысты талаптарының бұзылуы әдетке айналды. Құрылыс нысандары тротуарлардың үстіне шығып, қарапайым адамдардың қозғалысына кедергі келтіруде. Сондықтан халықтың наразылығы түсінуге болады. Аялдамалардың жай-күйі де көңіл толмайды. Шатыр соғып, адамдарға ыңғайлы орындықтар орнату соншалықты қиын жұмыс па? Мен бұл туралы қала әкіміне бірнеше рет айтқанмын. Бірақ ештене өзгерген жоқ. Мұның барлығы – жауапты тұлғалар тарапынан бақылаудың жоқтығынан, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Арықтардың бәрі бітелген, көптен бері су ағудан қалған. Бір кездері Қазақстанның ғана емес, бүкіл Одақтың ең жасыл қалаларының бірі болған шаһар бір кездегі даңқын жоғалтты.

Тараз қаласы әкімінің ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі кезінде Бердібек Сапарбаев өз ескертулерін айтып, орындалмаған тапсырмаларды еске салды. Нақтырақ айтсақ, ол тұрғын үй және басқа да құрылысқа қажетті бос жерлерге талдау жүргізуге қатысты тапсырмалар еді.

– Қала әкімдігінің басшылары өнеркәсіп кәсіпорындарына бармайды, шағын және орта бизнес субъектілерімен байланыс орнатпайды. Шенеуніктердің басты міндеті – кабинетте отыру емес, экономиканы алға жылжытуға ықпал жасайтын кәсіпкерлік қол ұшын созу,-деді Б.Сапарбаев.

Өз кезегінде Айтқазы Қарабалаев білікті кадрлардың жоқтығын алға тартты.

– Кадр мәселесін әкім шеше алмаса, кім шешеді? Бес ай бойы орынбасарын сайлай алмайтын ол қандай басшы? Сізге тұрғын үй секторы немесе құрылысты жақсы білетін адамды табу керек дедім. Бүгін 25 сәуір. Ақша бөлінді, бірақ әлі күнге орталық көшелерді жөндеуге кіріспей отырмыз, неге?- деп Б. Сапарбаев кезекті сұрағын жолдады.

А. Қарабалаевтың айтуынша, Абай көшесін жөндеу 2 мамырда аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жұмыстың уақытылы басталуына жауын-шашынның көптігі әсер етуде екен.

– Жұмыс істегісі келетін адам мүмкіндік іздейді. Істегісі келмеген адам себеп іздейді. Азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру және тұрақтандыру қорының мүмкіндіктерін пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілмеуде. Мобильдік топтар да өздеріне жүктелген функцияларды орындап отырған жоқ.

Келесі мәселе – білім беруге қатысты. Неге балалар 1874 жылы салынған ғимаратта оқуы тиіс? Неге жаңа мектеп салу туралы ұсыныстарды көтермейсіз? Барлығы үшін әкім жауапты. Егер нәтиже болмаса, сізге ешқандай уәде берудің қажеті жоқ, – деді аймақ басшысы.

Кеңесті қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев негізгі аспектілерге назар аударды. Тараз – Жамбыл облысының бет-бейнесі, туристерді тарту орталығы. Сондықтан қала әкімдігіне өңірді дамыту бойынша зор жауапкершілік жүктеледі. 

– Қала шаруашылығының әрбір бағыты бойынша талдау жүргізіп, ыстық нүктелерді анықтаңыз. Қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс топтарын құрыңыз. Қоғамдық бақылауды реттеңіз. Облыс орталығының тұрғындарымен нақты кері байланыс орнатыңыз, олардың шағымдарына жедел жауап беріңіз. Сіз тұрғындарға көмектесу үшін осы лауазымға тағайындалғансыз. Ірі, шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен тығыз жұмыс істеңіз, олардың мәселелерін назарға алу керек. Мұндай жиналыстарды жиі өткізіп отыратын боламыз. Бастапқыда тоқсан сайын ұйымдастырамыз. Сіздің жұмысыңыз туралы жарты жылдың қорытындысы бойынша бағалайтын боламыз, – деді Бердібек Сапарбаев қала әкіміне қарата сөйлеп.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.