Қуануға лайық барлық балалар

0

«Бала күлкісінен асқан қуаныш бар ма екен мына жалғанда?! Біріміз таңның атысы, күннің батысы күйбең тірліктің соңынан қуып келеміз. Енді біріміз бар дүниені кімнен екенін белгісіз қызғанып, орамалға түйіп, қымттап отырмыз.

Таразыда салмағы ауыр амалдарға ден қойып жүргеніміз де шамалы. Әттең, ақтық мәренің марапатын алдын ала білсек, бәлкім жалтыраған дүниелерге алданбас па едік. Түнеугүні «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры Арман Қасеновпен ақылдасып, 57 көпбалалы және жалғыз басты аналардың балаларына, тұрмыстық табысы төмен отбасыларға көмек ретінде қаржылай және маңдай терін төске тамызып жүрген сала қызметкерлерінің адал еңбегіне – демалыс орталықтарына жолдама беруді жөн санап, бүгін сол аманатты үлестіру үшін аудандарды аралап жүрген жайымыз бар. Аса ауылында 10 отбасыға табыстадық. Қазақ халқы бақуатты болсын! Қуанса, балалар қуансын», – деп әңгімесін бастаған «Казсушар» РМК кәсіподақ ұйымының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Қалыбек Құдайбергенді расымен де, Құдай тағала берген-ау деп қалдық. Сала қызметкерлерінің барлығының еңбек жолын, атқарған жұмыстарын тізіп айтып отыр. Өткен естеліктерін, сипатты әңгімелерін баппен бастап, аудан әкімі Сәкен Арубаевты халыққа жақын әкімдердің қатарынан екенін айтып, алға қойған мақсаттарының орындалуына шынайы тілектестігін білдіріп, ағалық ақылында аямады.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Сәкен Қаланұлы, көпке үлгі боларлық ағалардың арамызда төбе көрсетіп, жақсылық жасауы жұдырықтай жүректің кеңдігінде екенін тілге тиек етті.

– Бүгін баршамыз «Казсушар» кәсіпорны Аса бөлімшесінде жүрекке жылулық сыйлайтын игі іске куә болып, арда азаматпен тілдесіп, ілтипатына ие болып отырмыз. Жеткіншектеріміздің көңіліне көктем ұялатып, демеу білдіру елім деп көкірек ұрған әрбір азаматтың – борышы. Ауданымызға арнайы ат басын бұрып, сауапты істің басы-қасында жүрген Қалыбек ағамызға шексіз ризашылығымды білдіремін. Керегеңіз кең, дені-қарныңыз сау, отбасыңыз аман болсын! Елімізде жан жадыратар жаңалықтар көбейе берсін, – деді аудан басшысы.

Басқосуға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, «Казсушар» РМК Аса бөлімшесінің бастығы Есенбек Қалдыбеков қатысып отырды.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.