Қырғызстан президенті отставкаға кетті

0

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кету туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды ел президентінің сайты.

«Қымбатты менің отандастарым! Мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік, елдің тұтастығы, халқымыздың бірлігі және қоғамдағы тыныштық бәрінен жоғары. Мен үшін әрбір отандасымның өмірінен қымбат ештеңе жоқ.

Мен билікті ұстамаймын. Қырғызстан тарихында өз азаматтарын атқан, қан төккен президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан отставкаға кету туралы шешім қабылдадым.

Жапаров пен басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын ел астанасынан шығарып, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмірді қайтаруға шақырамын. Ешбір билік еліміздің тұтастығы мен қоғамдағы келісімге тұрмайды. Алла тағала бәрімізді сақтасын, жерімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын!», – делінген Жээнбековтің үндеуінде.

Қырғызстан конституциясына сәйкес президент өз өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда билік Жогорку Кенештің төрағасына (спикерге) өтеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Президент осы Конституцияда көрсетілген себептер бойынша өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, жаңа президент сайланғанға дейін оның өкілеттігін Жогорку Кенеш төрағасы атқарады», – делінген ел конституциясының 68-бабында.

Қазір парламент спикері Қанатбек Исаев. Оған 78 адам дауыс берген, 2 адам қарсы болған.

Ол бүгін таңертең Жээнбековті отставкаға кетпеуге шақырған болатын.

«Ол қазір өкілеттігін қалдырмауы керек. Бұл дұрыс емес және бұл тәртіпсіздіктердің жаңа кезеңін тудыруы мүмкін», – деген ол.

Сондай-ақ, ел заңдарының негізгі жинағында президент өкілеттігін Жогорку Кенеш спикері орындай алмаған жағдайда, қызметті премьер-министр немесе премьер-министрдің міндетін атқарушы орындай алатыны көрсетілген.

Ал Қырғызстанның жаңа премьер-министрі – Садыр Жапаров.

Президенттікке мерзімінен бұрын сайлау мемлекет басшысының өкілеті тоқтатылған күннен бастап үш ай мерзімде өткізіледі.

Президенттің міндетін атқарушы адам Жогорку Кенешке мерзімінен бұрын сайлау тағайындауға, үкіметті отставкаға жіберуге, мемлекет басшысын мерзімінен бұрын сайлауда президент лауазымына кандидат болуға құқылы емес.

Еске салайық, 5 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген азаматтар жаппай наразылық білдірген еді. Митингіге шыққандар президент әкімшілігі және парламент отыратын Ақ үйге басып кірген болатын.

Сонымен қатар, Қырғызстанда жаңа премьер-министр тағайындалды.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.