Тарихты күймен тәпсірлеп, танымды жырмен тасқындатқан тұлғаның бірі — дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші-композитор Желдібаевтың бір ғана «Ерке сылқым» күйі қазақтың тұтас дәуір келбеті деуге болады.
1934 жылы 15 қазанда Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген күйшінің өнер туындысы жарты ғасырға жуық тылсым да терең әуезімен әлдилеп келеді. Жалындаған ой мен сырлы сезімнің жауһар жемісі «Ерке сылқым» туралы халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Әбдімомынның «Ерке сылқымы» — қазақ өнерінің алтын қорында мәңгі сақталатын қанатты туынды» деп жоғары баға берген екен. Шынымен де «Ерке сылқым» — елдің қазынасына айналған ерекше музыка, ерен құбылыс. Әбдімомын Желдібаевтың отызға тарта күйі мен жиырмаға жете әні бар.
Күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Жамбыл мәдени ағарту училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1964 жылдан Шу аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. 30 жылдан аса уақыт бойы «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті. Композитордың «Арман құс», «Абай арманы», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі» сияқты 70-тен астам күйі мен әні бар. Оның «Ерке сылқым» күйі халыққа кеңінен таралған. «Құрмет» орденімен марапатталған.