Жамбыл облысындағы кәсіпорындарда 2 миллиардтан аса теңге дұрыс жұмсалмаған

0

Жамбыл облысында ішкі аудит қызметінің жұмысы жүйелендірілмек, деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі аудит қызметінің басшысы Думан Тайлеевтің айтуынша, 2018 жылы жүргізілген мемлекеттік аудит кезінде 38 нысан қамтылған. Ал өңірде тексеріс жүргізілуі тиіс мекемелердің жалпы саны бір жарым мыңнан асады.

Аудит жүргізілген нысандардың 27-сі мемлекеттік коммуналдық мекемелер, жетеуі – мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорындар, қалған төртеуі – шаруашылық құқығындағы кәсіпорындар. Аудит кезінде жалпы 2 млрд 219 млн теңгені жұмсауда кемшіліктерге жол берілгендігі анықталды. Үш лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 757 мың теңге айыппұл салынған.

Д. Тайлеевтің айтуынша, бір мекемені тексеруге екі апта, кейде жыл да жетпей жатады. Барлығын қысқа мерзімде тексеріп шығу мүмкін емес. Оның үстіне ведомствода кадр тапшылығы байқалатын көрінеді. Спикердің айтуынша, қазір оның штатында небәрі тоғыз адам жұмыс істеп жүр.

Жауапты мамандардың деңгейін тексеріп, қажет болғанда біліктілігін арттыру шараларын қарастыруды жуырда өңір басшысы Асқар Мырзахметов те айтқан болатын. Сондай-ақ, әкім сала басшыларына ішкі аудит қызметінің жұмысын жүйелі етуді де тапсырды.

Айта кетейік, Жамбыл облысы ішкі аудит қызметі жұмысының қорытындылары бойынша республикада екінші орында тұр.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.