Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жуалы ауданының әкімі болып Мұртаза Жалғас Алижанұлы тағайындалды.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Аймақ басшысы ауданның әлеуетін тимді пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыру, инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды тиісінше дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, кері байланысты нығайту, өзекті мәселелерді барынша жедел шешуге ден қою, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін айтып, ол бойынша ауданның жаңа әкіміне нақты тапсырмалар берді.
Өз кезегінде Жалғас Мұртаза артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Жалғас Алижанұлы 1988 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-комммуналдық шаруашылық істері агенттігінде сарапшы болып бастаған.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-комммуналдық шаруашылық істері агенттігі Қаржылық жұмыс және бюджеттік жоспарлау департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.
2021 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының басшысы лауазымында еңбек етіп келді.