Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында, сондай-ақ ағымдағы жылдың 17-26 маусымы аралығында мектеп бітіру кештерін өткізу кезеңінде кәмелетке толмағандардың қылмыстық ортаға тартылмауы үшін полиция қызметкерлері патрульдік қызмет жасақтарының тығыздығын күшейтті.
Сонымен қатар, жастардың шомылатын және демалатын орындары бақылауға алынды. Еріктілердің, жергілікті атқарушы органдардың, білім басқармасының және басқа да мүдделі органдардың қатысуымен ойын-сауық орындарын пысықтау бойынша мобильді топтар құрылды.
Мектеп бітіру кештеріне арналған іс-шараларда ювеналды полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлардан құралған кезекші жасақтар бекітіліп, олар мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарын іс-шараның басынан бастап соңына дейін және таңды қарсы алуға дейін еріп жүреді.
Ойын-сауық мекемелерінің иелерімен кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдіктерді пайдалануына жол бермеу және пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға тыйым салу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
— 6 тәулік ішінде мобильдік топтар 100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты, оның ішінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 57 дерегін анықтады. Сағат 22:00-ден кейін ата-анасыз кәмелетке толмаған 10 баланың көңіл көтеру орындарында болуына жол бергені үшін 6 кафе-бардың иесі жауапкершілікке тартылды. 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкогольдік ішімдіктерді сатудың 2 дерегі, ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаудың 1 дерегі анықталды.
Барлық ойын — сауық орындары мен жастар көп жиналатын орындар, сондай-ақ су айдындары құқық қорғау органдарының бақылауында болады, — деді Жамбыл облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов.