Кез келген мәселеге қатысты шешім қабылдарда қоғамдық пікір мен көзқарасты міндетті түрде ескеру маңызды. Бұл туралы кезекті аппараттық кеңесте Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов айтты.
Басқосуда алдымен жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланыс мәселесі қаралды. Облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмухаммед Ниязбеков, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы, «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-нің басшысы Бақкелді Тұрсынбек баяндама жасады. Олар әлеуметтік желідегі басшылардың белсенділігі, көтерілген сауалдар мен өтініштерге жауап беру деңгейі, атқарылған жұмыстарды көрсете білуі, кері байланыс орнату мәселелеріне жан-жақты тоқталып, алты айдың қорытындысын баяндады.
Кемшіліктер бойынша бірқатар әкімдер мен олардың орынбасарларына, басқарма басшыларына қатысты шаралар қабылданатын болды.
— Кез келген өзекті мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде қоғамдық пікірмен, халықпен санасу керек. Олардың ой-ұсыныс
тарын ескерген дұрыс. Сонда ғана түсінбестік, наразылық туындамайды.
Біз өзіміздің атқарып жатқан жұмыстарымызды жан-жақты көрсетіп, халыққа дұрыс ақпарат беруге тиіспіз. Тұрғындардың өтініштері мен сауалдарына уақытылы әрі сапалы жауап беруге ден қойыңыздар. Әлі де болса осы бағыттағы жұмыстарды күшейте түсу маңызды,-деген Нұржан Нұржігітов жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы қаралды.
Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, бүгінде 205 жоба жүзеге асуда. Оның 52-і келер жылға өтпелі болса, 153-і ағымдағы жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс.
Басқарма басшысы жобаларды әр сала бойынша талдап, кейбір өзекті мәселелерді ашып көрсетті.
Облыс әкімі барлық жобалар бойынша белгіленген кестедегі мерзімнің қатаң сақталуын және құрылыстың сапасын бақылау – басты назарда болу керектігін баса айтты.
— Барлық нысандардағы құрылыстар уақытылы аяқталуы тиіс. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін мектептер 20 тамызға дейін тапсырылып, қыркүйекке дейін толық дайын болғаны дұрыс.
Құрылыстың сапасына барынша назар аударыңыздар. Бақылау қатаң болуы керек.
Бұдан бөлек, бюджет қаражатын үнемді игеруге көңіл бөліңіздер. Ұқсас жобаларға бірыңғай баға саясатын ұстану маңызды,-деді аймақ басшысы.
Жиында облыс аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы, «Асарлатып үй салу» жобасының жүзеге асу барысы да талқыланды.
— Бос тұрған үйлерді жөндеп, жаңғыртып, мұқтаждарға берген әрине дұрыс. Бұл әлеуметтік жауапкершіліктің негізінде жүзеге асуы қажет.
Ал, «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты бөлек. Ол жалпы, тұрғындарды, ауылдықтарды игі іске жұмылдыру, қайрымдылыққа үндеуге негізделген. Ата-бабаларымыздың асар дәстүрі бойынша көпшілік бірлесіп, баспанаға мұқтаж туыстары мен ауылдастарына арнап үйдің құрылысын жүргізеді. Оны көріп өскен жас ұрпақ та үлкен тағылымды тәрбие алады,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жерлерге инженерлік-инфрақұрылым тарту шаралары, құрылыс жұмыстарының сапасына жоспардан тыс жүргізілген тексерістердің қорытындылары сараланды.
Аймақ басшысы жұмыстарды ұтымды ұйымдастыра алмай отырған басшыларды сынға алып, өз жауапкершілігіне немқұрайлы қарайтын мердігерлерге тиісті шаралар қолдану керектігін ескертті.