23 маусымда жауған нөсер жауынның салдарынан Жамбыл облысы аумағындағы Ырғайты өзенінің суы тасып, ауыл көшелерін су алды, тұрғын үйлердің екі шаруашылық құрылысы қирап, мал шығыны болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
«23 маусымда сағат 20.00-де Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр түріндегі жауын-шашынның салдарынан Ырғайты өзенінің бойында сел болды. Салдарынан ауыл көшелерін су басты. Сондай-ақ су ағынының салдарынан жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылысы қирады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», — делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша мал шығыны бар. Жергілікті атқарушы органның комиссиясы залал мөлшерін анықтап жатыр.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер 2 бірлік техника, жергілікті атқару органдарынан 5 қызметкер мен2 бірлік техника барды.
Бұдан бөлек, төтеншеліктердің мәлімдеуінше, сағат 23:25-те Қордай ауданы Шарбақты ауылынан 4 шақырым жерде Ырғайты өзені нөсер жауын-шашынның салдарынан су деңгейі көтеріліп кеткен.
Оның жағасында 11 адам демалып жатқан болатын. Су көтерілуінің салдарынан 6 адам дөңес жердегі аралда көлік ішінде қалып қойған. Сондай-ақ екпінді ағыс демалушылардың екінші көлігін шайып кеткен. 24 маусымда сағат 01:15-те ТЖД құтқарушылары аралда қалған барлық адамдар құтқарды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.